Қуаңшылық аргентиналық шаруаларды шығынға батырды
Әлемдегі ірі астық экспорттаушы Аргентина құрғақшылықтан қатты зардап шегіп жатыр. Елде бидай, арпа, жүгері, соя, бұршақ және күнбағыс дақылдарының түсімі кеміген. Осының салдарынан шарулар шығындалып, бағалар да өсе бастаған. Биліктің тығырықтан шығу үшін қолға алған шараларынан еш қайран болмай тұр.
Бұл Буэнос-Айрестен 200 шақырымдай жерде орналасқан егістік алқабы. Әдетте осы айдың өзінде егілген дақылдар бой көтеріп, жайқалып тұратын. Ал биыл керісінше бірнеше айдан бері ылғал болмай, жүгеріміздің сабақтары сарғайып, өңі өзгеріп мүлдем өспей қалды.
Хуан Гардей, фермер:
- Біз мұнда қурап қалған жүгеріні көріп тұрмыз. Алқап қазірдің өзінде сарғайып кетті. Оны енді қалпына келтіру қиынға соғады. Өнім аз болғандықтан, бағасы да аспандап барады.
Жауын-шашынның аз болуынан астық пен бау-бақша дақылдары жөнді шықпай, шарулар шығынға батып жатыр. Мамандар: «Осының кесірінен елде ауылшаруашылық өнімдері жылдағыға қарағанда миллиондаған тоннаға кем болуы мүмкін», – дейді. Жергілікті билік дағдарысты еңсеру үшін ауылшаруашылық экспортына салынатын салықты маусым айының соңына дейін төмендетті. Бірақ агроклиматтологтар тек жаңбыр жауса ғана жағдай түзелетінін айтады.
Эдуардо Сьерра, агроклиматолог:
- Жақында жаңбыр жауып қалар деп үміттеніп отырмыз. Егер жауын-шашын көп болса, өнімділікті гектарына 2 мың келіге дейін көбейте аламыз. Яғни әр алқаптан 45 миллион тонна жүгері мен соя жинауға болады.
Аргентинада былтыр басталған қуаңшылық елдегі экономикалық ахуалды да ушықтырып жіберді. Одан ауылшаруашылық өнімдерінің экспортына нұқсан келіп, мемлекеттің шетелдік валюта қоры сарқылды. Ал үкіметтің ұлттық ақшаны нығайту бойынша шаралары әзірге нәтиже бермей тұр.
Авторы: Фариза Жанғанаева.