Қытай шапшаң робот жасады
Қытай алғаш рет шапшаң қимылдайтын робот жасап шығарды. Төрт аяқты құлтемір жол талғамайды. Ерекшелігі, өте жылдам жүреді. Тау-тас, су, орманды және шөлді жерде тіпті қар үстінде де еркін қозғала алады.
Итке ұқсас робот дөңгелейді, сырғанайды, секіре де алады. Қашықтан басқарылады. Жоба авторлары оны кез келген жағдайға икемдеуге болады деп отыр. Қазір робот жетілдіріліп жатыр. Негізінен төтенше жағдай кезінде қолдануға басымдық берілген.
Цянь Сяоюй, DEEP Robotics компаниясының бренд-менеджері:
- Бұл бұған дейін шыққан прототипке ұқсамайды. Іздеу, барлау, құтқару ісіне таптырмайтын құрал. Оның ерекшелігі, кез келген кедергіден өте алады. Робототехника саласында бәсеке жоғары. Бүгінде шығарылып жатқан роботтар да көп. Алайда нақты іске жарап тұрғаны шамалы. Біздің мақсат, технологиялық мүмкіндікті күнделікті өмірге бейімдеп, пайдалы іске жаратсақ дейміз.