АҚШ-та коучтарға талап қатаң

Әлемде де коучтардың танымалдығы артып келеді. Әсіресе АҚШ-та олардың көмегіне жүгінетіндер көп. Ірі компаниялардың 70%-і жетекшілері үшін коучтарды жалдайды. Ресейде де бизнес-тренерлерге сұраныс жоғары көрінеді.

АҚШ-та коучинг индустриясының табысы $15 млрд бағаланды

АҚШ-та коучинг нарығы 15 миллиард долларға бағаланады. Мұнда коучтарға сұраныс жоғары. Талап та қатаң. Корпоративтік секторда, медицина мен психологияда мұндай мамандарда екі ірі ұйымнан біліктілігін растайтын сертификат болу керек. Бірі – Интернейшнл Коучинг Федерэйшн. Екіншісі – NBHWC. 2012 жылы құрылған бұл халықаралық консорциум. Денсаулық сақтау саласындағы коучтарды дайындау және сертификаттаумен айналысады. Сондай-ақ оларға арналған әдеп нормаларын әзірлейді. Ұйымның сертификатын алу үшін болашақ ментор 75 сағат оқудан және 50 сағаттық тәжірибеден өту керек. Сосын міндетті түрде емтихан тапсырады. Сосын АҚШ-та психотерапиямен айналысатын коучтардың жұмысы жіті қадағаланады. Арнайы лицензиясыз бұған рұқсат етілмейді.

 

Ресейде бизнес-коучтардың оқу ақысы қымбат

Ресейдің Еңбек министрлігі бизнес-тренерлер үшін стандарт әзірлеген. Олардың жоғары білімі болу керек және үнемі біліктілігін арттырып отыруға міндетті. Бірақ көбі бұл талапты елемей жатады. Бизнес-коуч атану үшін курстан өту жеткілікті. Мәскеуде жартыжылдық мұндай бағдарлама біздің ақшамен 800 мыңнан басталады. Бизнес мектебінде оқу ақысы тіптен қымбат. 16 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

 

Ірі компаниялар коучтардан ICF сертификатын талап етеді

Әлемде коучтардың бірнеше ірі халықаралық қауымдастығы бар. Солардың ең танымалы – ICF. Оған әлемнің 50 елінен 20 мыңнан аса адам кіреді. Ұйым менторлардың кәсіби деңгейін арттыруға көмектеседі. Сертификатын алу үшін мамандар 60 сағаттан 200 сағатқа дейінгі оқу курсынан өтуі керек. Ал тәжірибе 2,5 мың сағатқа дейін жетуі мүмкін. Google, Apple секілді ірі корпорациялар коучтарынан міндетті түрде ICF сертификатын талап етеді.

Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Дана Ермак.