Ыстамбұлда Түркі мемлекеттері ПА құқықтық және халықаралық істер комитеттерінің отырысы өтті
Ыстамбұлда Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының құқықтық және халықаралық істер комитеттерінің отырысы өтті.
Осымен екінші рет ұйымдастырылған жиынға түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясына мүше елдердің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен интеграциялық ұйым басшылары қатысты. Оның ішінде Қазақстан да бар.
Парламентаралық дипломатия бүгінде өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырудың негізгі құралына айналды. Әсіресе, туыстас халықтар арасында барлық салада ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан шешуші рөл атқарады. Ыстамбұлда бас қосқан бауырлас елдердің парламент өкілдерінің пікірі осындай. Айтуларынша, бүгінде туыстас халықтар арасындағы ынтымақтастық пен бірлік бұрынғыдан да маңызды.
Фуат Октай, Түркия Парламенті Сыртқы істер комитетінің төрағасы:
- Кездесулер барысында маңызды халықаралық оқиғалар мен Түркі әлеміне қатысты өзекті мәселелер қаралып, ортақ ұстанымдарды үйлестіру тетіктері талқыланады. Сонымен қатар, парламенттік дипломатияны тиімді пайдалану және ынтымақтастықтың нақты тетіктерін әзірлеу қарастырылды. Бүгінгі кездесудің нақты нәтижелерінің бірі – Түркі әлеміндегі ынтымақтастыққа қатысты халықаралық келісімдердің сыртқы істер комитеттерінде және парламенттерімізде басымдықпен қаралуына қатысты ортақ шешімге келуіміз. Бұл қадам Түркі әлеміндегі екіжақты және көпжақты келісімдердің тезірек күшіне енуін қамтамасыз етеді.
Отырыс барысында Түркі мемлекеттері ұйымының саммит декларацияларын іске асыру, ТүркПА аясындағы ынтымақтастықты нығайту, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту және парламентаралық дипломатияны дамыту мәселелері қаралды. Сонымен қатар, осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізу және түркі елдері арасындағы заңнамалық ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды.
Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
- Біз бауырлас елдер қазіргі құбылмалы геосаяси жағдайда өз ұстанымдарымызды анықтап алып, мүмкіндігінше келістіріп, жақындастыруымыз керек. Сол үшін халықаралық істермен айналысатын депутаттарымыздың кездесіп, ашық пікір алмасып, түсіндіріп отырғаны өте пайдалы. Біз бірнеше маңызды тақырыптарды талқыладық: Сирия, Палестина, Украина мен Ресейдің қақтығысы, жасанды интеллект, климаттық өзгерістер, Американың жаңа әкімшілігінің саясаты және оның түркі мемлекеттеріне әсері. Бұл тақырыптарды ашық талқылағанымыз өте пайдалы болды.
Жиын қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері парламенттерінің халықаралық істер жөніндегі комитеттерінің тұрақты кездесулерін өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар, жалпы ұстанымды келісу үшін Бірлескен мәлімдеме жасау жоспарланды. Айта кету керек, Түркі мемлекеттері парламенттерінің халықаралық істер жөніндегі комитеттерінің келесі басқосуы Бішкекте өтеді.