Қырғызстанда жемқорлыққа қарсы күрес шаралары мемлекетке 125 миллиард долларды қайтарды

Қырғызстанда жемқорлықпен күреске бағытталған шаралардың нәтижесінде 4 жылда 125 миллиард доллар мемлекетке қайтарылған.

Бұған құқық бұзушылық туралы хабарлау тәжірибесі де септігін тигізген. Ал АҚШ-тың Сауда министрлігінің сайтында жедел желі жұмыс істейді. Онда халықаралық келісімшарттар жасау кезінде пара алу дерегі туралы хабарлауға болады. 

Қырғызстанда "Жемқорлық құқық бұзушылық жайлы хабарлаған тұлғаларды қорғау туралы" заң 4 жылдан бері жұмыс істейді. Жемқорлық деректерін хабарлаған азаматтар қазынаға қайтарылған ақшаның 10 пайызы көлемінде сыйақы алады. Бірақ ол бір миллион сомнан аспау керек. Егер тұрғындар бірнеше құқық бұзушылық туралы хабарлайтын болса, онда бір реттік төлем мемлекетке келтірілген ең ірі шығынды есепке ала отырып төленеді.

Оңтүстік Корея жемқорлықпен күресте қатаң шаралар қолданады

Оңтүстік Корея жемқорлықпен күресте қатаң шаралар қолданады. Соның арқасында мемлекет былтыр жемқорлықты қабылдау индексінде үздік отыз елдің қатарына кірген. Тиімді күрес шараларының қатарында жемқорлық жайлы хабарлау тәжірибесі бар. Азаматтар мұндай деректер туралы арнайы комиссияға ақпарат береді. Комиссия тұрғынның қауіпсіздігін қамтамсыз етіп, кей жағдайда сыйақы да белгілейді. Бірақ оның мөлшері көп жағдайда жарияланбайды. 

Жемқорлық туралы хабарлаған американдықтар $5 млн сыйақы алуы мүмкін

АҚШ-та жемқорлық жасаған адам жауапкершілікке тартылғаннан кейін, оның осы әрекеті туралы алдын ала хабарлаған азаматқа сыйақы төленеді. Бұдан бөлек елде Карра атты бағдарлама бар. Ол бойынша пара алушы жауапкершілікке тартылмай-ақ құзырлы орындарға ақпарат берген адам  активтерді бұғаттауға не қаражатты қазынаға қайтаруға көмектескені үшін 5 миллион долларға дейін сыйақы ала алады. 

Жулдыз Атагельдиева, Дана Ермак