Португалияда әр бесінші отбасының үйінде жылу жоқ

Қыстыгүні бүрсең қағып отырған бұл елдің тұрғындары бірнеше жылдан бері энергетикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Жылу тапшылығы салдарынан денсаулығына шағымданушылар да көбейген.

Португалияда 660 мың тұрғын энергетикалық дағдарыстың зардабын тартып отыр. Өйткені үйде жылу жоқ, оны жылытатын энергия тапшы. Амалы құрыған халық қыстыгүні үсіп кетпеудің қамын жасап, қосымша техниканың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Олар бұған жыл сайын шамамен 120 еуро, біздіңше 65 мың теңге қосымша ақша жұмсайды.

Уолли Баррос, жергілікті тұрғын:

- Біз газбен жұмыс істейтін жылытқышты қолданамыз. Ол энергияны үнемдеп, үйді жылы ұстайды. Қазір екі газ жылытқышын пайдаланамыз. Бірақ мұның өзі тек бөлмемді жылытуға жетеді. Ал оны өшіре салысымен, үйіміз азынап кетеді. Әсіресе қыста жағдай қиын. Жазда да үй салқын болады.

Денесі діріл қағып, үскіріктен үсік шалған тұрғындардың қатары көп. Аурухана табалдырығын тоздырып жүргендер қаншама. Тіпті суықтан өлім құшқандар да көбейіпті. Сорақысы, Еуропа бойынша дәл осы Португалияда қыс басталғалы әр апта сайын қайғылы жағдай тіркеліп отыр.

Кристина, жергілікті тұрғын:

- Шынымды айтсам, үйде менің жылыту жүйем жоқ. Алғашқыда Франциядан көшіп келгенде қатты таңғалдым. Өйткені Францияда жағдай дәл бұлай қиын емес. Орталық жылыту жүйесі арқылы тұрғын үйлерге жылу беріледі. Ал Португалияда бұл қалыпты емес екенін ұқтым. Желтоқсанда өте суық болды. Кей түндері сыртқы киіммен ұйықтауға тура келді. Жасыратыны жоқ, бұрын далада дірілдеп, тоңудың қандай болатынын білетін едім. Енді үйдің ішінде үсіп жүрміз.

Олқылықты жойып, тұтас ел аумағын жылумен қамту үшін үкімет ұтымды жоба жүзеге асыратынын мәлімдеді. Бастама аясында әлеуметтік климаттық қауымдастықтың бюджеті есебінен дағдарысты жою үшін 1,2 млрд еуро көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл сома тұрғын үйлер мен қоғамдық көліктерді жылыту жүйесімен жабдықтауға жұмсалады.

Мария да Граса Карвалью, Португалияның қоршаған орта және энергетика министрі:

- Біз 2025 жылдың маусымына дейін жобаның жоспарын бекітуіміз керек. Сөйтіп, 2026 жылдың маусымында нақты қадам жасаймыз. Бұл бастама энергия тиімділігін қолдауды көздейді. Соның аясында ғимараттар мен көліктерді назарға ала отырып, энергетикалық жүйемен қамтамасыз етеміз.

Энергетикалық кедейлік тек Португалияда ғана емес, Еуропаның 27 елінде әлі де өзекті. Жыл сайын қайталанатын құбылыстан кәрі құрлық тұрғындары әбден мезі болған. «Сол себепті бұл мәселеге Еуроодақ араласуы керек», – дейді сарапшылар.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева