БҰҰ Конгодағы қақтығысты тоқтату туралы қарар қабылдады
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Демократиялық Конго Республикасының шығысындағы әскери қақтығысты тоқтату туралы қарар қабылдады. Құжатқа сәйкес «23 наурыз қозғалысы» (M23) мүшелері зорлық-зомбылықты тоқтатып, аймақтан әскерін әкетуі тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы екі айда аталған топ Руандамен арадағы шекарада шабуылдарын күшейтті. Аймақта су мен электр қуаты жоқ, мобильді байланыс жұмыс істемейді. Мыңдаған бейбіт тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр. Дені Бурундиге бет алған. БҰҰ мәліметінше, осы айдың басынан бері бұл елге 40 мыңнан астам босқын өткен. Жартысынан астамы – әйелдер мен балалар. Қазіргі уақытта Конго билігі Руандамен дипломатиялық қатынастарды үзіп, өз елшілерін кері қайтарды.