Францияда суреттерді «сөйлететін» қосымша пайда болды

Францияда музей келушілеріне арналған қосымшаның мүмкіндіктері көпшілікке көрсетілді, деп хабарлайды 24kz.

Ол AskMona деп аталады. Технология Парижде өткен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жаһандық саммитте таныстырылды.

AskMona қазақшаға аударғанда, Монадан сұра дегенді білдіреді. Сонда мұражай келушілері телефоны арқылы әйгілі Мона Лиза суретінің жанындағы QR-кодты сканерлеп, туынды жайлы көбірек білу үшін қалаған сұрақтарын қоя алады. Ал жасанды интеллект негізіндегі чат-бот сол сұрақтарға адамның дауысымен жауап қайтарады.

Қосымшаны тек Мона Лиза ғана емес, өзге де суреттерге қолдануға болады. Мұндағы мақсат интерактивті технология арқылы мұражайларға деген қызығушылықты арттыру.

Валентин Шмайт, AskMona компаниясының бас директоры:

- Мұндай қосымша жасау туралы идея «Гарри Поттер» кітабын оқығаннан кейін пайда болды. Онда кейіпкерлер өнер туындыларымен тілдесе алады. Сөйтіп, 2016 жылы идеяны жасанды интеллекттің көмегімен іске асырып көруді шештік. Қазіргі жұмысымыз сол уақыттан бері жалғасып келе жатқан тынымсыз еңбектің жемісі.

Компания басшысы: «Нейрожүйе өнертанушыларды алмастырады деп қорқудың қажеті жоқ», - дейді. Керісінше, қосымша олардың жұмысын жеңілдете түсетінін айтады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Сандугаш Байгуаныш