Ресей Сыртқы істері министрі Анкараға барды

Бүгін Түркияға Ресей Сыртқы істері министрі Сергей Лавров барды.
Бір апта бұрын Украина президенті Зеленский барып қайтқан еді. Тараптар өңірлік және халықаралық мәселелер, соның ішінде Ресей мен Украина арасында бейбітшілікті орнату жайын талқылады.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Ресей мен Украина арасында дау басталғалы Түркия бейбіт келіссөздерге ұдайы шақырып келе жатыр. Сондықтан Лавровтың Анкараға келуі тегін емес. Түркиялық әріптесімен шетелде бірнеше рет кездесіп, осы мәселені талқылаған. Түркия Сырты істер министрінің мәліметінше, қақтығыстың түйінін тарқатуға бағытталған Ақ үйдің бастамасы ресми Анкараның ұстанымына сәйкес келеді.
Хакан Фидан, Түркия сыртқы істер министрі:
- Түркия екі ел арасындағы шиеленістің дипломатиялық жолмен шешілуін бірінші күннен қалады. Қақтығыс басталғаннан кейін көп ұзамай біз тараптарды бірінші болып Ыстамбұлдағы Бейбітшілік үстелінің айналасында жинадық.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Эр-Рияттағы кездесудің екінші раунды осы апта болады деп жоспарланған. Сергей Лавров: «Соғыстың басталу себептері жойылмай, оның аяқталуы мүмкін емес», - деді.
Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:
- Президентіміз, біздің Украинамен де, Еуропамен де, ізгі ниетпен бейбітшілікке қол жеткізуге көмектескісі келетін кез келген өкілмен келіссөз жүргізуге дайын екенімізді анық айтты.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- «Түркия, Ресей мен Украина келіссөздерін өткізуге ең қолайлы орын», - деп қос тарапқа ұсыныс жасап, мәселенің түйінін бейбіт жолмен тарқатуға шақырып отыр.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Өткен аптада Зеленский мырзамен Анкарада кездесіп, Түркияның бұл маңызды мәселеде атқаратын рөлін талқыладық. Келер жылы соғыстың емес, бейбітшіліктің мерейтойын атап өту үшін барлығымызға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Түркия әділ және тұрақты бейбітшілік орнату үшін бар күш жігерімізді аямаймыз. 2025 – бейбітшілік орнаған жыл ретінде тарихқа енуін тілеймін.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Естеріңізге салайық, Ресей – Украина арасында қақтығыс басталған кезде Ыстамбұл келісімі жасалып, бірақ орындалмай қалғаны еді. Біраз уақыт өткеннен кейін екі тараптың да келіссөз жасауға беті бері қарағандай.