Сирияға салынған бірқатар санкцияның күші жойылды
Еуропалық Одақ Сирияға салған біраз санкцияның күшін уақытша жойды.
Шешім "кәрі құрлық" елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында қабылданды. Былтыр қарашада араб мемлекетіндегі 318 жеке және 86 заңды тұлғаға санкция салынған еді. Енді солардың ішіндегі 5 қаржы ұйымы мен Сирияның Орталық банкінен шектеу алынды. Мұнай-газ, энергетика, көлік және банк салаларына да қатысты тыйымдар жойылды. Еуроодақ 17 наурызда Сирияға донорлық көмек бойынша 9-халықаралық конференция өткізеді. Бүгінде сириялықтардың 90 пайыздан астамы кедейшілікте өмір сүреді. Елдегі 16 жарым миллион тұрғынға шұғыл гуманитарлық көмек керек.
Кая Каллас, Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
"Біз Сирия, Газа секторы және Ливандағы жағдайды талқыладық. Санкциялардың күшін уақытша жойған себебіміз - Сирия экономикасын қалпына келтіре бастауымыз керек. Шетел асқан сириялықтар отанына оралып, осы іске атсалыса алады. Газа секторында бейбіт бітімнің екінші кезеңі басталды. ЕуроОдақ Палестина-Израиль қақтығысын реттеудің бірден бір жолы аймақта 2 мемлекет құру шешімінде деп біледі".