Оңтүстік Корея президентінің тағдыры наурызда шешіледі. LIVE

Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты екі жарым айдан кейін Президент Юн Сок Ёльге қатысты импичмент ісін қарауды аяқтады, деп хабарлайды 24kz.

Кеше сот тыңдауы өтті, онда биліктен шеттетілген мемлекет басшысы соңғы сөзін айтты. Юнға бүлікке шақыру және билікті асыра пайдалану айыптары тағылды.

Өткен жылдың 3 желтоқсанында Президент елде әскери жағдай жариялады, бірақ оны бірнеше сағаттан кейін Парламент жойды.

Владислав Цой, тілші:

- Конституциялық сот биліктен шеттеткен президент Юн Сок Ёль сенсациялық мәлімдеме жасады. Ол: «Егер сот оған жарияланған импичменттің күшін жойып, қызметіне қайтарса, онда елде Конституциялық реформа жүргіземін», - деп уәде берді. Юн өзі сыртқы саясатпен айналысатынын, ал ішкі істер бойынша өкілеттіктерді Премьер-министрге жүктеуді ұсынды. Сонымен қатар биліктен мерзімінен бұрын кетуі мүмкін екенін меңзеді. Юн Сок Ёль әскери жағдай енгізгені үшін халықтан алғаш рет кешірім сұрады, бірақ оны қажетті шара деп есептейтінін айтты. Және 3 желтоқсанда Ұлттық жиналыс ғимаратына аз ғана әскер кіргенін және әскери жағдай бар болғаны 2 сағатқа созылғанын атап өтті. Юнның адвокаттары болса, сол түні бірде-бір азамат зардап шекпегенін, ал Президенттің әрекеттеріне оппозицияның заңдарды талқылаусыз қабылдауы және мемлекеттік бюджетті біржақты қысқартуы себеп болғанын жеткізді. Ал айыптаушы тарап Ұлттық жиналыс заңгерлері: «Юн Сок Ёльді демократия мен ел дамуы үшін міндетті түрде биліктен шеттету керек», - деп отыр. «Себебі Президент Конституция мен заңдарды бұзып, Ұлттық жиналыстың билігін басып алуға тырысты», - дейді.

Судьялар шешімнің нақты күнін әзірге жариялаған жоқ. Алайда бұған дейін Но Му Хён мен Пак Кын Хе президенттеріне импичмент жариялау мәселесін қарауға шамамен екі апта кеткен болатын. Юн Сок Ёльді биліктен кетіру үшін 8 судьяның кемінде алтауы оны қолдауы керек. Егер Юн қызметінен кетсе, елде 60 күн ішінде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Ал қызметіне қайтарылса, 2027 жылдың мамырына дейін билікте қалады. Юн Сок Ёльдің жақтастары күнде шеру өткізіп жатыр. Кеше билік Конституциялық сот ғимаратын шабуылдан қорғау үшін 64 полиция бөлімшесінен 3800 қызметкер тартты. Сонымен қатар сот ғимаратына баратын көшелерді жабу үшін 190 полиция автобусы қойылды. Юнды қолдаушылар импичментті жою үшін 190 мың қол жинауды мақсат етіп отыр. Әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша, респонденттердің жартысынан көбі импичментті қолдайды, ал шамамен 40%-і Юн Сок Ёльдің қызметінде қалуын құптайды.