Кореяда 75 жастан асқан жүргізушілер VR-тесттен өтеді

Оңтүстік Кореяда егде жастағы адамдардың көлік жүргізу қабілеті енді виртуалды шындық көмегімен тексерілмек. 75 жастан асқан қарт кісілер жүргізуші куәлігін ұзарту кезінде арнайы тест тапсырады. Егер оның нәтижесі теріс болса, қарт адамдарға көлік жүргізуден бас тартуға кеңес беріледі. Бұл жаңашылдық не үшін енгізілгелі жатыр және тест қалай өтеді?

Оңтүстік Кореяда 65 жастан асқан жүргізушілер саны 5 миллионнан асады. Бұл ел халқының шамамен 10%-і. Ұлттық полиция агенттігінің мәліметінше, жол апаты жастарға қарағанда дәл осы жастағы жүргізушілердің кесірінен жиі туындайды. Қарт адамдар үшін тестілеуді енгізу туралы шешім Сеулдегі ірі жол оқиғасынан кейін қабылданды. Ол апаттан 9 адам қаза тапты. Қайғылы оқиғаның себебі: жүргізуші тежегіш пен газ педальдарын шатастырып алған.

Апат мына жерде кешкі сағат 9:30 шамасында болған. Көлік қонақүйдің автотұрағынан шығып келе жатып, қарсы жолаққа өтіп кеткен. Содан екі көлікті соғып, тротуарда тұрған жүргіншілерді қағады. Рульде 68 жастағы жүргізуші болған.

Оңтүстік Кореяда жүргізуші куәлігін алу оңай емес. Алдымен автомектепте оқып, арнайы мемлекеттік орталықта бес кезеңнен тұратын емтихан тапсыру қажет. Алғашқысы – жолдағы қауіпсіздік ережелері бойынша бір сағаттық дәріс. Кейін есту және көру қабілеті тексеріледі. Одан соң үміткер компьютерлік сыныпта теориялық емтихан тапсырады. Содан кейін жүргізу орталығындағы практикалық тестке жіберіледі. Үміткер мұнарадан берілетін командаларды орындауы тиіс. Көліктің мониторынан жүргізуші өз қателерін бірден көре алады. Егер тестілеуден өте алмаса, куәлік берілмейді.

Ал орталықтағы жүргізу тестін сәтті тапсырған адам уақытша жүргізуші куәлігін алады. Осыдан кейін ол бір жыл ішінде соңғы кезеңнен өтуі керек. Бұл тексеруде нұсқаушымен бірге жолда көлік жүргізу шеберлігін көрсетеді. Жүргізуші куәлігі 10 жыл мерзімге беріледі. Оны тағы 10 жылға ұзарту үшін есту және көру қабілеті тексеріледі. 65 жастан асқан азаматтар болса жүргізуші куәлігін әр 5 жыл сайын жаңартуы керек. Ал 75 жастан асқан адамдар үш жыл сайын жаңартып отыруға тиіс. Оларға да VR-тестілеу енгізіледі. Бұл сынақ компьютерлік ойынға ұқсайды.

Джи Ён Хван, Корея ұлттық полиция агенттігінің жүргізуші куәліктері бөлімінің басшысы:

- Егер тест нәтижесі төмен болса, жүргізуші куәлігінен бірден айырылмайды. Болашақта осындай жүйені енгізуіміз мүмкін. Бірақ қазіргі мақсатымыз – қарт адамдардың көлік жүргізуде сақтық шараларына мән беруін арттыру.

Қарт жүргізушілерге арналған VR-тестілеуді полиция биылғы жылдың екінші жартысынан бастап енгізуді жоспарлап отыр. Тесттер Кореяның барлық 17 ірі қаласында өтеді.