Қытайда баладан гөрі ит көбейіп барады

Қытайда балаға қарағанда ит көбейіп барады.

Миллиондаған адам сәбидің орнына ит пен мысық бағып отыр. Әсіресе жастар перзент сүйгеннен гөрі төртаяқтыларды асырағанды жөн санайды.

Қазір Қытайда ит,мысықтың көбейгені сонша өзіндік нарық қалыптасқан. Ондағы қаражат айналымы біздің ақшаға шаққанда 21 триллион теңгеге жетеді. Жергілікті билік бұған бүтін бір сала ретінде қарайды. Сөйтіп, қытай жұрты ит асырауға неге құмар?

Қытайда 80 миллионға жуық адам ит пен мысық асырайды. Статистикаға сүйенсек олардың қолында 120 миллионға тарта үй жануары бар. Бұл елдегі 4 жасқа дейінгі балалардың санынан көп. Бүтін бір индустрия қалыптасқан. Клондаудан бастап, оларға қызмет көрсету орталықтарына дейін жұмыс істейді. Сәнді жүн қырқу орындары мен дүкендерден бөлек арнайы мейрамханалар мен қонақүйлер де бар.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл Бейжіңдегі ең танымал ит пен мысыққа арналған қонақүй. Мұнда кем дегенде 15 мысық, 20 күшік сыяды. Қызметтің түр-түрі көрсетіледі. Тамақтандырудан бастап, жүнін қырқу, жуындыру тағысын тағы кете береді. Ең қызығы бұның қожайындары әлемнің кез келген нүктесінде жүріп итінің қандай тағам жеп, не істеп жатқанын көре алады. Міне қараңыз. Мұны көбінесе саяхатта, іс-сапарда жүрген қытайлар жиі пайдаланады.

Бұл қонақүйде иттерді дене тұрқына қарай екіге бөледі. Қызмет көрсету құны да соған байланысты. Мысалы, бір түнеп шыққаны 14 мың теңгеден басталады. Оған бір мезгіл тамағы кіреді. Қосымша ақы төленсе жуындырады. Серуенге шығарып жүнін қырқады. Тіпті тырнағына дейін алып береді. 

Тао Цзы, итке қызмет көрсету орталығының директоры:

- Қазір бұл жерде 11 ғана ит қалды. Көбісін қожайындары алып кетті. Көктем мерекесі кезінде мүлдем орын болған жоқ. Мұндағы кейбір иттер сатылымға шығарылған. Мәселен, мына иттің тұқымы Еуропада көп тараған. Корея мен Қытайда сүйкімділігімен танымал. Бағасы да қымбат.

Мына күшіктің құны біздің теңгемен 6,5 жарым миллион теңге тұрады екен. Не деген қымбат?

- Бұны сатып алатындар бар ма?

Тао Цзы, итке қызмет көрсету орталығының директоры:

- Сұраныс өте жоғары. Бұл күшіктер сүйкімді әрі асырауға қолайлы болады. Төбе жүнін кесіп, түрлі сән үлгісін жасауға болады. Мұндай күшіктерге әсіресе қыздар көп қызығады. Бұдан басқа да бағасы төмен иттер бар. Ең арзандарының құны 1,2 - 1,6 миллион теңгенің арасында.

Қытайда иттерді кәсіби күтіп, баптауды үйрететін арнайы оқу орындары да бар. Лю Син сондай білім ошақтарының бірін тәмамдаған маман. Ол осындай кешенді орталықта 5 жылдан бері жұмыс істейді. Итті қарап күтіп, жүнін қырқу оның тікелей міндеті.

Лю Син, итке арналған SPA орталығының қызметкері:

- Күніне 4 итке дейін қызмет көрсете аламын. Алдымен тазалап, тырнағын аламыз. Артық жүнін қырқып, сәндеп әсемдейміз. Бір күшікке бастан-аяқ қызмет көрсетуге  2 сағат уақыт кетеді. Мысалы қазір мына  итке жаңа стилдегі жүн үлгісін жасап жатырмын. Ит асырау бала бағумен бірдей. Олар сөйлей алмағаны болмаса адаммен тіл табысып, жақсы серік бола алады.

Иттерді SPA-ға кіргізіп жуындыру кәсіптің көзіне айналған. Сабын, иіс су, ойыншықтары талғаммен таңдалады. 

Сяо Ли, итке арналған SPA орталығының қызметкері:

- Жуындырып болған соң жүнін осылай кептіреміз. Арнайы жылыту аппаратында 15-20 минут ұстаймыз. Бұдан бөлек иттердің сатылымы, олардың денсаулығы мен серуендеуі менің мойнымда. Тамақты да арнайы кестемен береміз. Вакциналап, иммунитетін көтеретін дәрумендер де беріледі. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл ит-мысыққа арналған дүкен. Мұнда олардың иелері қалағанын таба алады. Міне үйшіктер. Ал мынау ит пен күшіктің қалпақтары мен 4 аяғына арналған аяқ-киім. Мына тұста иттердің жатарда, ал мынау серуенденгенде киетін киімдері. Тіпті тек қыста қолданылатыны бар. Мына тұрғандары қожайыны итін той-томалаққа апарған кезде кигізетін киім екен. Құны 78-80 мың теңгенің көлемінде. Мынаны біздің ауылдың иттері көрсе еңіреп тұрып ұлитын шығар?!

Қытайлар бір итті 10 миллион теңгеге тіпті одан да жоғары бағаға сатып алуға дайын. Ал оларды күтіп-бағуға кететін шығын бірнеше есе көп. Бұл елдің жастары балалы болудан гөрі ит немесе мысық асырағанды жөн көреді. Әсіресе 1990 мен 2000-шы жылдар аралығында туған азаматтар арасында жиі кездеседі.  Мамандардың айтуынша бұған елдегі 1980 жылдары қабылданған «Бір отбасыға бір бала» саясатының кесірі тиген көрінеді. Оның үстіне Қытайда балаға білім беру, тәрбиелеп жеткізу уақыт пен көп қаржыны талап етеді. Баспана мәселесі де өзекті. Оған көп адамның жағдайы келе бермейді.

Чжан Сиюй, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Қарт адамдар оларды көмекші көрсе, енді бірі ермек үшін асырайды. Ит отбасы мүшесі, тең құқылы деп қадірлейміз. Үйінде 4-5 итке дейін асырайтындар бар. Оның үстіне иті бар адам басқаларға қарағанда 66 пайызға көп қозғалады. Итпен бірге тұрақты серуенге шығады. Яғни денсаулыққа пайдалы.

Ежелгі Қытайда ит император қорғанысының ең соңғы шебі болған деседі. Тарихи деректерге жүгінсек, кішкентай ит оның жеңінде жасырынған екен. Ал қауіп төнген жағдайда секіріп шығып қожайынын қорғайтын болған.

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын