Әлемдегі ересек тұрғындардың үштен бірінің қаржылық сауаттылығы төмен

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеу нәтижесі осындай, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар қазір жас буын арасында қаржы мәселесіне қызығушылық жоғары екенін айтады. Еуропаның көп елінде балалардың ақшаны жоспарлауына көмектесетін түрлі бағдарламалар қолға алынған.

Германияда балаларға жастайынан ақшаны орынды жұмсау үйретіледі

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінің ішінде тұрғындарының қаржылық сауаттылық деңгейі ең жоғары ел Германия саналады. Мұнда жастайынан балаларға ақшаны орынды жұмсау үйретіледі. Неміс елінде Халықаралық үнемдеу күні атап өтіледі. Бұл күні мектепте тақырыптық сабақтар өтеді. Балалар жыл бойы жинаған ақшасын банкке тапсырып, орнына кәдесыйлар ала алады. Бұл жасөспірімдерді қаржылық сауаттылыққа үйрету үшін жасалады. Мереке қазанның соңында атап өтіледі. Міндетті түрде жұмыс күніне түсу керек. Өйткені банктер ашық болуы тиіс. Бұл күні қаржы мекемелері тұрғындар үшін арнайы акциялар ұсынады. Ал дүкендер жаппай сатылымдар жариялайды.

Финляндияда балалар 10 күнге бизнес-қалашыққа жіберіледі

Финляндияда да балалардың қаржылық сауаттылығына көп көңіл бөлінеді. Мұнда 12-13 жастағы жеткіншектер үшін «Бизнес-қалашық» деген бағдарлама бар. Оқушылар онда 10 күнге барып, сатушы, фермер, фотограф болып жұмыс істейді. Тапқан ақшасына азық-түлік сатып алып, тәжірибе жүзінде қаржылық жоспарлау негіздерін үйренеді. 11 жыл бұрын осы бизнес-қалашық тұжырымдамасы бүкіл әлем бойынша үздік инновациялық білім беру жобалары үшін берілетін «Уайз Эуорд» жүлдесін жеңіп алған. 

Нидерландта кез келген тұрғын қаржылық жоспарлау курсынан өте алады

Нидерландта халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін 1979 жылдан бері отбасылық қаржы істері жөніндегі ұлттық ақпарат институты жұмыс істейді. Оның қызметкерлері кеңес беріп, шеберлік сағаттар ұйымдастырады. Кез келген тұрғын бұл мекеме тұсында жеке бюджетін басқару, бизнес ашу, сатылымдарды жоспарлау және ақша жинау бойынша курстан өте алады. Институтты жартылай мемлекет қаржыландырады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Сандуған Байқуаныш