Ресейде балалар алаяқтардың арбауына жиі түседі
Ресейде алаяқтардың алдап арбауына түскен жеткіншектер көбейген.
Себебі қаскөйлер балалардың тез сеніп қалатынын пайдаланады.
Сарапшылар мұндай қулық әрекеттердің материалдық шығыннан бөлек өзге де ауыр салдары барын ескертеді.
Былтыр алаяқтар ресейліктерді 300 миллиард рубльге сан соқтырып кеткен. Бұрын олардың тұзағына қарт кісілер жиі түссе енді залым қулардың құрығына кәмелетке толмағандар көп ілінетін болған. Қаскөйлер оларды ата-анасының шотынан ақша аударуға не телефон арқылы несие алдыруға көндіреді екен.
Ева Меркачёва, РФ Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшесі:
"Алаяқтар балаға қоңырау шалып, анаңның картасын ал дейді. Жасөспірімдер картасының нөмірі мен пин-кодты айта салады. Сосын қате істегенін түсінеді. Бірақ қаскөйлер онымен тынбай жеткіншектің осы ісін жария етемін деп қорқытып, бопсалауға көшеді".
Осындай жағдайға тап болған баланың бірі қазір Мәскеудегі тергеу изоляторында отыр. 14 жастағы жеткіншек алаяқтардың арбауына түсіп, бір миллион рубль аударған. Сосын бопсалағаннан кейін әкімшілік ғимаратқа жанғыш бөтелке лақтырған. Енді жасөспірім лаңкестік бабы бойынша айыпталып отыр.
Ева Меркачёва, РФ Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшесі:
"Алаяқтар балаға өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, әкесінің қиын жағдайға түскенін және оған тез арада көмектесу керектігін айтып жалған құжаттар жібереді. Сосын ақша аудартады. Артынша әкесіне қоқан-лоқы көрсетіп жүрген адамның көлігіне жанғыш бөтелке лақтыру керек деп нұсқау береді. Ал бала ересек адамдардың қорғауындамын деп ойлап, осындай әрекеттерге барған. "
Психологтар мұндай жағдайдан сақтану үшін ата-анаға баланы бақылауға арналған қосымшаларды қолдануға кеңес береді. Бейтаныс адамдармен сөйлесудің қаупі туралы жиі ескертіп отыру керектігін айтады. Қазір құқық қорғаушылар, саясаткерлер мен интернет-провайдерлер телефон алаяқтарына қарсы тұру үшін күш біріктіріп жатыр.
Дмитрий Мариничев, қоғамдық интернет-омбудсмен:
"Біз балаларды қорғау үшін технология, заң және шектеу шараларын қолдануымыз керек. Қайсысы тиімді екенін айту қиын. Жеке өз басым технологиялық шектеулердің мүмкіндігі мол деп ойлаймын."
Сарапшылар алаяқтармен күресті күшейту үшін онлайн несие беруді тоқтатуды ұсынады. Мұндай шараның өте тиімді екенін алға тартады. "Қаскөйлердің ақшалай шығын келтіруі тек бер жағы. Олар баланы өз-өзіне қол жұмсауға дейін итермелейді" - дейді.
Жұлдыз Атагельдиева, Дана Нуржан, Шахзод Гамиров