Ғалымдар Мьянмадағы зілзаланың себебін анықтады
Әлемде жойқын әрі ең жиі жер сілкінісі болатын елдің бірі – Жапония.
Бұл – халықаралық VolcanoDiscovery ұйымының мәліметі. Сейсмикалық белсенділігі жоғары елдер қатарында Грекия, Тонга, Мьянма және Қытай бар.
Жуырда ғана Мьянмада 7,7 баллдық жер сілкінісі болды. Халықаралық ғалымдар оның себебін түсіндіріп берді. Жалпы жер неге жиі сілкінеді? Зілзаланы алдын ала нақты болжауға бола ма?
Зайнұр Байжігіт, тілші:
- Мьянма «Сагайн» деп аталатын жердің үстіңгі қабатының жарылған тұсында орналасқан. Қауіпті белдеудің аумағы 1200 шақырымды қамтиды. Елдің солтүстік аймағынан басталып, Мандалай, Тауджи, Баго, Янгон сияқты қалалар арқылы өтеді. Ғалымдардың сөзінше, мұнда бір-біріне жабысып тұрған тектоникалық тақталар энергияны ұзақ жинаған. Алайда, плиталар сырғығанда үлкен қысым 7,7 баллдық жер сілкінісіне ұласқан. Геологтардың айтуынша, жер бетінде жыл сайын мыңдаған дүмпу тіркеледі. Көбі мұхитта болғандықтан, адамдар сейсмикалық белсінділікті аса сезбейтін көрінеді.
Уильям Йек, геофизик-зерттеуші:
- Жер қыртысы үнемі тербеліп тұрады. Бірақ алапат зілзала сирегірек болады. Қуаты 7 баллдан асатын жер сілкінісі жылына әрі кетсе 10-15 рет болуы мүмкін. Жер дүмпуі көп жағдайда мұхитта болғандықтан, адамдар оны сезе бермейді.
Қазір жер қыртысындағы сейсмикалық белсенділік пен жер қабығының жарылған тұстарын анықтау әдістері бар. Оның көмегімен ғалымдар жер сілкінісі болу қаупі бар аймақты анықтай алады. Десе де, оның уақыты мен күшін болжауға әзірге қауқарсыз.
Уильям Йек, геофизик-зерттеуші:
- Негізі дүмпуден кейін жер сілкінісі бірнеше рет қайталануы мүмкін. Ал оның қуаты кейде 1-2 балл, кейде керісінше, одан сайын күшейе түсуі мүмкін. Жер сілкінісінен кейін лай көшіп, өрт шығу қаупі тағы бар. Мұхитқа жақын орналасқан елдерде зілзаланың соңы тіпті цунамиге ұласып жатады.
Алдағы уақытта ғалымдар жер сілкінісін болжауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданбақ. Ол үшін нейрожелінің көмегімен сейсмикалық ахуалды анықтаудың нақты алгоритмін ойлап табу қажет. «Егер жоспар іске асса, тұрғындарға алдын ала хабар беріп, талай адамның өмірін сақтап қалар едік», - дейді геологтар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт