Трамптың тарифтері қор нарықтарын құлдыратты
Трамптың тарифтерінен кейін бүгін Азия мен Австралияның қор нарықтары құлдырады, деп хабарлайды 24kz.
Инвесторлар АҚШ басшысының саясаты жаһандық сауда соғысы мен рецессияға алып келе ме деп алаңдаулы. Ақ үй қожайының шешіміне байланысты кей елдер қарсы шараларды қолға алса, енді бірі мәселені реттеу үшін келіссөз жүргізуге дайын екенін білдіріп жатыр.
Жұлдыз Атагельдиева, тілші:
- Азия қор нарығы ашыла салысымен дүрбелең басталды. Жапонияның жетекші 225 компаниясын қамтитын «Никкей 225» индексі алғашқы сағаттарда-ақ 9%-ке арзандады. Бұл кейінгі бір жарым жылда болмаған жағдай. Оңтүстік Кореяның «Коспиінде» тіпті сауда-саттық уақытша тоқтатылды. Ал Гонконг биржасының негізгі индексі HSI 9%-ке, Тайваньдағы «Тайэкс» шамамен 10%-ке төмендеді. Қытайдың мемлекеттік облигацияларының табыстылығы бұрын-соңды болмаған көреткішке дейін түсті.
Роберт Брукс, Монаш университетінің профессоры:
- Нарықтағы жағдай осындай болады деп күтілген. Өйткені Трамптың баж салықтарына байланысты жаһандық макроэкономикалық жағдай нашарлап, инфляция қайта күшейеді деген күдік бар. Екіншіден, қазір ахуалды болжау қиын. Яғни, сауда соғысы қалай өрбитіні белгісіз.
Дональд Трамп Жапониядан экспортталатын өнімдерге 24%-тік баж салығын енгізді. Тарифтерден, әсіресе, Жапонияның көлік саласы қатты зардап шегейін деп тұр. Елдегі екі ірі автоөндіруші Nissan мен Mitsubishi акциялары 10%-ке арзандады. Өйткені қос компания үшін Солтүстік Америка негізгі нарық болып саналады.
Сигэру Исиба, Жапония премьер-министрі:
- Біз Дональд Трамптан Жапонияға салған баж салығын азайтуды сұрауымыз керек. Әрине, Ақ үй басшысы келіскеннің күннің өзінде оның нәтижесі бірден байқала қоймас. Сондықтан жағдай оңалғанша экономикамызды қорғау үшін басқа шараларды да қарастыруымыз керек.
Австралиядағы ахуал да осыған ұқсас. Жергілікті қор нарығы бүгін 160 миллиард доллардан айырылды. Мұнда негізгі индекс саналатын S&P/ASX 200 6%-ке құлдырады. Ал жергілікті валютаның АҚШ долларына қатысты бағамы коронавирус кезінен болмаған деңгейде дейін төмендеді. Ақ үй басшысы Австралиядан импортқа төменгі 10%-тік салық енгізсе де жергілікті билік Трамптың шешімі екіжақты стратегиялық серіктестік ұстанымына қайшы деп отыр. «Десе де, сауда ережелерін еш жеңілдетпейміз», - деп кесіп айтты.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева