Доминикан Республикасындағы түнгі клубта 79 адам опат болды
Доминикан Республикасында түнгі клубтың шатыры ортасына түсіп, жүзден астам адамды басып қалды. Оқиға ел астанасы Санто-Домингода болған. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, 79 адам ажал құшып, 160-ы жараланған.
Опат болғандардың арасында Монте-Кристи провинциясының губернаторы Нельси Круз бар. Қазір апат орнында іздеу-құтқару жұмысы жүріп жатыр. Үйінділер астында әлі адамдар бар. Президент Луис Абинадер оқиға орнына барып, марқұмдардың туыстарына көңіл айтты. Сәуірдің 7-нен 8-не қараған түні клубта жергілікті танымал әншінің концерті өтіп жатқан.
Луис Абинадер, Доминикан Республикасының президенті:
- Басты мақсат – адам өмірін сақтап қалу. Жағдайды жіті бақылап отырмын. Апат орнында төтенше жағдайлар қызметкерлері бар күш-жігерін салып жұмыс істеп жатыр. Құдайға сенейік. Үйінділер астында қалған адамдарды құтқарып аламыз деп үміттенеміз.