Үйдегі тазалыққа кім жауапты?

Заман озған сайын адам баласының қолы ұзара бастады. Технология кір жуып, ас әзірлеп, ыдыс жуып береді. Үй жинайтын көмекші техникалар да көбейді. Дегенмен адамның өз қолымен істегендей бола қоймайды. Сол себепті жұрттың біразы қазір клинингке жүгінеді.

Клининг қызметіне жүгініп, жұмысын жеңілдететін қыз-келіншектердің қатары көп қазір. Қызығы, біздің қоғам бұл үдеріске енді ғана бейімделе бастады. Ал әлем елдері клинингке жүгінгелі қашан. Тіпті, кей елдерде онымен айналысатын маман тапшы.

Тазалық жұмыстарын тек әйелдер атқарады  

«Әйел қырық жанды», – дейді қазақ. Рас айтылған. Үйдің шаруасы, баланың тәрбиесі, тазалық жұмыстары, одан қалды қызметі бар. Осының бәріне бір тәулікте бір өзі үлгереді. Бірақ кейінгі жылдары дамып жатқан технология қыз-келіншектердің күйбең тірліктегі жұмысын жеңілдете түсті. Үй тазалығымен айналысатын клининг компаниялары қаптап кетті. Бірақ айналып келгенде сол клининг жұмыстарын атқаратын бәрібір әйелдер. Британдық Колумбия университетінің ғалымдары жүргізген кейінгі зерттеуге сүйенсек, үй тазалығымен ерлерге қарағанда әйел адамдар айналысады. Әсіресе 20 мен 50 жас аралығындағы қыз-келіншектердің шаруадан қолы босамайды. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ас әзірлеу, кір жуу, үй жинау, азық-түлік сатып алу сияқты көзге көрінбейтін жұмыстардың барлығы әйелдің мойнында. Ал ерлер әрі кетсе ыдыс жуып береді екен. Сосын отбасы бюджетін қамтамасыз етуге ғана бас қатыратын көрінеді. 

Марина Адшейд, Британдық Колумбия университетінің доценті:

- Бұл деректер әйелдердің мансап құруды жоспарласа да, дүниеге сәби әкелсе де, келешекте үй шаруасының көп бөлігін атқаруға мәжбүр болатынын көрсетеді. Ер мен әйел шаңырақ құрған сәттен бастап тірлікті теңдей бөлу үшін алдын ала келісіп алуға тиіс.

Тазалық жұмыстарына $416 млрд жұмсалды  

Былтыр әлем халқы тазалық жұмыстарына 416 миллиард доллар жұмсады. Сөйтіп, жаһандық нарықтағы клининг жұмыстарының өсімі ұлғайды. Алдағы 5 жылда бұл қарқын тағы 6,9%-ке артады деген болжам бар. Grandviewresearch басылымы осылай дейді. Олардың айтуынша, жаһан жұртының тазалық пен гигиена жұмыстарына ерекше ден қоюы пандемия кезеңінен кейін қатты байқалады. Мұндай қызметті ұсынатын клининг компаниялары да озық тазалау технологиясын қолдана бастаған. Бұл инновациялар өз кезегінде тазалау қызметінің тиімділігін арттырып, сұранысты орындауға мүмкіндік беріп отыр. Сөйтіп, озық құралдар клининг саласының тұрақты өсуін қамтамасыз етеді.

3 млн америкалық тазалық жұмыстарын атқарады

АҚШ-та 3 млн адам тазалық жұмыстарын істейді. Олардың 88%-і – әйелдер. Бұл Статистаның 2023 жылғы дерегі. Олардың мәліметіне қарағанда аталған секторда тазалаушы, бөлме жинаушы, аула сыпырушылар көп және мұндай жұмысшылардың үлесі пандемия кезеңінен кейін артқан. Өсім 220 мыңға ұлғайған. Ал тазалық мамандарының айлық табысы 30 мың долларға тең.

Көп елде тазалаушы маман тапшы    

Клининг қызметіне сұраныс артқан сайын жаһандық нарықта тазалаушы тапшылығы байқалады. Әсіресе Финляндияда мұндай маман жетіспейді. Сол себепті билік тазалаушыларды шетелден шақыртуға мәжбүр. Мұнан соң Жаңа Зеландия мен Австралияда еңбек нарығы қонақ үй жинаушылары мен аула тазалаушылары үшін ашық. Қызметіне қарай төленетін жалақысы да көңілге қонымды. Канадаға да еңбек мигранттары қажет. Бұл жұмысты Торонто және Ванкувердегі тұрғын үйлерде, коммерциялық орындарда табуға болады. БАӘ де кейінгі жылдары тазалық жұмыстарын атқаратын шетелдік жұмысшылар үшін маусымдық алаңға айналды. Бұл елде табыс салығы жоқ. Сол себепті тазалаушыларға көбірек табыс табуға мүмкіндік бар.

Тазалаушы қауіпті қызмет пе?

Былай қарағанда, тазалықшының жұмысы оңай көрінгенімен, биыл ол әлемдегі ең қауіпті жұмыс тізіміне енді. Мьянмада өткен айда тіркелген қатты жер сілкінісі көршілес Таиландқа да әсер еткен. Салдарынан біраз ғимарат бүлініп, қабырғасы жарылып кеткен. Апат салдарын жою үшін тазалықшылар қызметіне кірісті. Терезе жуатын мамандар қабырғасы жарылған биік ғимараттарға тек арқан жіп байлап көтеріліп, әйнектерді сүртіп жүр. Барлық ақпарат көздерінде таралып кеткен осы бір видеодан кейін жаһан жұрты тазалықшының жұмысы әлемдегі ең қауіпті жұмыс деген пікір білдірген.

Айналамыздың айнадай жарқырап тұруы – тазалықшының тиянақты жұмысының нәтижесі. Олар маңдай терімен адал еңбек етіп, өзінің ғана емес, қоғамның денсаулығын сақтауға үлкен үлес қосады. Бәрімізге таза, қауіпсіз және жайлы орта қамтамасыз етеді. Сондықтан олардың қызметін бағалап, құрмет көрсету бізге міндет.