Түркияда электр энергиясы мен газ бағасы қымбаттады

Түркияда электр энергиясы мен газ бағасы қымбаттады.

Ел құрғақшылықтың зардабын тартып отыр. Сол себепті  су электр станцияларының өндірісін күрт төмендетіп, есесіне көгілдір отынды  көбірек  пайдалануға мәжбүр. 

Меруерт Қанағат, тілші:    

-  Түркияда электр энергиясы мен газ бағасы көтерілді.  Елдің энергетика нарығын реттейтін мекеме мәліметінше, 5 сәуірден бастап электр энергиясының бағасы 25%-ға қымбаттады. Бұған электр қуатын  өндіру және тарату шығындарының артуы себеп болған.

Нақтырақ айтқанда, тарифтердің өсуінің негізгі факторлары ретінде қымбат импорттық газ және су электр станцияларының өндірісін құлдыратқан құрғақшылық қарастырылып отыр. Су электр станциялары елдегі негізгі энергия өндірушілер болып саналады.  Мысалы, энергетика нарығын реттейтін мекеме мәліметтері бойынша, қаңтар айында су электр станциялары 4,8 миллиард кВт-сағат энергия өндірді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе аз. 2024 жылдың қаңтарында су энергетикасының жалпы электр қуатын өндірудегі үлесі 28,6%-ды құраса, 2025 жылдың алғашқы айында ол 15,7%-ға төмендеді. Ал газбен жұмыс істейтін электр станцияларының үлесі керісінше, 12,8%-дан 27,1%-ға артқан.

Жалпы осы айдан  бастап, қарапайым тұтынушылардан бөлек мемлекеттік мекемелер мен жеке бизнес  15%, өнеркәсіп  10% және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер  12,4%-ға көп төлейтін болды.

-        Тарифтердің көтерілуіне байланысты, 100 киловатт-сағат электр энергиясын тұтынатын  абонент енді 259,04 түрік лирасын яғни теңгеге шаққанда 3500 төлемек. Сондай-ақ табиғи газдың бағасы да өсті. Назарларыңызға Түркияның энергетика нарығын реттейтін мекемесінің мәлімдемесін ұсынамын.

Цитата, Энергия нарығын реттеуші орган

-        "Мұнай құбырларын тасымалдау" акционерлік қоғамы жариялаған табиғи газ көтерме сауда бағасына сәйкес, өнеркәсіптік тұтынушылар үшін орташа есеппен 20%, ал электр энергиясын өндіру станциялары үшін орташа есеппен 24,2% өсті.

Меруерт Қанағат, тілші:

-        Ал қарапайым тұтынушылар үшін табиғи газ тарифі өзгеріссіз қалды. Тұрмыстық табиғи газ бұрынғысынша 1000 текше метр үшін 5,631к лира.  Бұл төл ақшамызға шаққанда 75 мың теңгеден асады. Айта кеткен жөн, Түркияда көгілдір отын бағасының тарифтері ай сайын есептеледі.