ЭКСПО 2025: Жапониядағы дүниежүзілік көрмеде не көрсетіледі?

Ұшатын көліктер, гуманоид роботтар, ақылды қалалар, соңғы ғарыштық зерттеулер мен жасанды интеллект. Жапонияда биыл өтетін ЭКСПО 2025 көрмесінде жаһан жұртына жаңа технологияның соңғы үлгілері таныстырылмақ. Халықаралық іс шара сәуірдің 13-інде басталып, 13 қазанға дейін жалғасады. Көрменің соңғы дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Бұл диаметрі 2 шақырым, ал биіктігі 20 метрге жететін әлемдегі ең үлкен ағаш ғимарат. 61 мың шаршы метр аумақты алып жатқан нысан «Үлкен шеңбер» деп аталады. Жақында ғана Гиннестің рекордтар кітабына енді. Басты көрме алаңы осы құрылымның шатыры астында орналасқан. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жол бар. «Бұл көрмеге келушілерді жаңбыр мен күннен қорғайды», – дейді жоба авторы.  

Соу Фудзимото, «Үлкен шеңбер» жобасының архитекторы:

- Шеңбер бұл әртүрлі мәдениет тоғысатын орынның символы іспептес. Әртүрлілік пен бірліктің көрінісін бейнелейді. ХХІ ғасырда әлемдегі ахуал аумалы-төкпелі болып тұр. Осы жоба арқылы мен әлем жұртшылығы болашақты бірге құра алатынын көрсеткім келді.

Ғимарат үстіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл ЭКСПО ауданына ашылатын әдемі көріністі тамашалауға болады. «Рейтер» агенттігінің мәліметінше, Жапонияда жарты жыл өтетін халықаралық іс-шараға әлемнің 158 елі қатыспақ. Биылғы тақырып орнықты қоғам, инновациялар мен өмір сапасын жақсартуға арналады. Көрме аясында әлемнің ең озық деген бірқатар технологиясы көрсетіледі. 

Дзюн Такашина, Жапония қауымдастығы бас хатшысының орынбасары:

- Құрылыс жұмыстары көрме ашылғанға дейін аяқталуға тиіс. Кейбір елдер интерьер мен экспонаттарға өзгеріс енгізуі мүмкін. Бірақ бұл дайындыққа әсер етпейді деп ойлаймын. Процесстерді жылдамдату үшін әр елмен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан көрменің ашылуына дейін барлығы уақытылы бітуі керек.

Жапония 170 жылдық тарихы бар Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесін осымен 3-ші рет өткізгелі отыр. Биыл Осака шығанағында орналасқан жасанды аралдағы халықаралық іс-шараға 20 млн адам келеді деп күтіліп отыр.

Авторы: Зайнұр Байжігіт