Білім бәйгесінде топ жарған өзбекстандық оқушылар $70 мың алады

Өзбекстан оқушылары халықаралық ғылыми олимпиадаларда топ жарса, мемлекеттен 70 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады, деп хабарлайды 24KZ. Екінші орынға 43 мың, ал қолаға іліккендер 29 мың АҚШ долларын еншілейді. Жеңімпаздардың ұстаздары да құр қол қалмайды. Өзбекстан балалардың білімге деген қызығушылығын осылай оятпақ.

Білім бәйгесінде топ жарғандар спортшылар сияқты танымал емес. Алатын сыйақылары да төмен. Бұл қағида енді Өзбекстанда келмеске кеткендей. Мемлекет басшысының бастамасымен біліммен мыңды жыққандар қомақты қаржыға кенелмек. Қуанышты хабар оқушылар мен ата-аналарға, ұстаздарға үлкен үміт сыйлады. 

Асылбек Сунатов, 10-сынып оқушысы:

- Өзім информатикадан халықаралық олимпиадаларға қатысып жүрмін. Қуанышты жаңалықты естіп, дайындығымды күшейттім. Себебі қаржы қомақты. Алдағы жарыстан жүлдемен оралуға барымды саламын.

Бірінші орын алған оқушы 70 мың, екінші орынға 43, қола жүлдегер 29 мың АҚШ долларына ие болады. Ұстаздардың да еңбегі елеусіз қалмайды. Жүлдегерді дайындаған мұғалімнің жалақысына зейнетке шыққанша 100%-тік сыйақы беріліп отырады. 

Даниор Бабажанов, физика пәнінің мұғалімі:

- Жүлдегерлер қаржылай сыйақыдан бөлек, әлемнің білікті жоғары орындарынан шақырту алады. Білім қуған оқушы үшін бұл керемет мүмкіндік. Ата-ана, ұстаздар қауымына да үлкен көмек дер едім. Қазір біз Сауд Арабиясында мамыр айында өтетін халықаралық олимпиадаға қызу дайындалып жатырмыз.

Былтыр Өзбекстан оқушылары халықаралық олимпиадаларда 122 медаль еншілеп, тарихта болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Сыйақы мөлшерінің өсуімен бұл санның еселенеріне ұстаздар қауымы сеніммен қарайды.

Турабой Шерматов, ақпараттық технологиялар мектебінің директоры:

- Орта Азияның ортақ тарихын қарайтын болсақ, көп білім біздің аймақтан шыққан. Жаһанға жаңалық ашқан тұлғаларымыз қаншама. Сондықтан бұл бастама өткенді жаңартып, жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыру үшін жасалып отыр. 

Жалпы Өзбекстанда оқушылардың мектепке бару көрсеткіші былтыр 70%-тің шамасында болды. Ата-аналар балаларының сабақтан қашып жүргенін біле тұра ешқандай әрекет жасамаған. Билікке қатаң қадамға баруға тура келді. Тәрбие сағаттары жүргізіліп, ата-аналарға ескерту хаттары жолданды. Елемегендерге айыппұл салынды. Қазір көрсеткіш 95%-ке жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

Авторы: Дулат Нуркин