Германияда электр энергиясы төрт жылда 31% қымбаттады

Германияның баламалы энергия көздеріне көшуде аяқ алысы қарқынды, деп хабарлайды 24kz.

Үкімет экологиялық таза энергияны дамытуға ауқымды инвестиция құйып келеді. Алайда желден қуат алу технологиясының кемшін тұстары да бар. Жел тұрмаса, қуат өндірілмей, электр энергиясының бағасы қымбаттайды.

Германияда жел диірмендері мен күн панельдері күнделікті көрініске айналып барады. Неміс үкіметі 2030 жылға дейін тұтынатын электр энергиясының 80%-ін баламалы энергия көздерінен өндірмек. Бұл межеге жету үшін елде арнайы бағдарламалар қабылданған. Билік бұл арқылы жасыл экономикаға серпін беріп, энергетикалық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуге күш салуды көздеп отыр.

Торстен Шмид, Лейбниц экономикалық зерттеулер институтының экономисі:

- Коалициялық үкіметтің келісіміне көз жүгіртсеңіз, біраздан бері сарапшылар ұсынып жүрген шаралардың қамтылғанын көруге болады. Оның ішінде электр энергиясының бағасын төмендету жоспары бар. Бұл, әрине, энергияны көп тұтынатын өндіріс орындарына жақсы қолдау болады.

Алайда жел диірмендері мен күн панельдерінен қуат алу технологиясының кемшін тұстары да бар. Күннің көзі шықпай, жел тұрмаса, электр қуаты жеткілікті көлемде өндірілмей энергия қымбаттайды. Мәселен, соңғы рет былтыр желтоқсанда қор биржасындағы құны 9 есеге өсіп, мегаватына 936 еуроға жеткен. Әдетте оның нарықтағы бағасы 100 еуродан аспайды. Осыған қарамастан, Германия соңғы жылдары жел энергиясы саласын белсенді дамытып, жаңартылатын қуат көздерінің үлесін арттырып келеді. Мұны International Trade Administration мәліметі растап отыр.

International Trade Administration баяндамасы:

- Дәстүрлі энергия өндіру көлемі 11%-ке қысқарып, бұл сектор 176,8 ТВт/сағ электр энергиясын өндірді. Тас көмірден энергия өндіру 31,2%-ке, ал қоңыр көмірден қуат алу 8,8%-ке төмендеді. Жалғыз өсім газбен жұмыс істейтін станцияларда байқалады. Бұл бағытта өсім 8,6%-ті құрады.

Соңғы зерттеулерге қарағанда, Германияда 2021 жылдан бері электр энергиясы 31%-ке қымбаттаған. Мәселен, 4 жыл бұрын тұрғындар жылына 4 мың еуро жұмсаса, биыл түбіртектегі баға 5400 еуродан асқан. Ал сарапшылар баламалы энергия көздерін одан әрі дамыту алдағы уақытта көп шығынды талап ететіні анық. «Тек қажетті инфрақұрылым толық құрылған кезде ғана жел мен күн энергиясын пайдаланудың қаржылық тиімділігі байқала бастайды», - дейді.

Автоы: Зайнұр Байжігіт