Судандағы соғыстың салдарынан аштық қаупі күшейіп барады

Суданда азаматтық соғыстың басталғанына 2 жыл болды.

Елде үкімет әскері мен жылдам әрекет ету күштері арасында қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. Шиеленіс әлемдегі ең ірі көші-қон дағдарысына себеп болды. 2 жыл ішінде Шығыс Африкадағы мемлекеттің 11 млн-нан аса тұрғыны көшіп кеткен. Тағы 4 млн-ға жуығы уақытша көрші елдерді паналады. 50 млн халықтың 30 млн-ы, демек жартысынан астамы гуманитарлық көмекке мұқтаж. Елде күннен күнге аштық қаупі күшейіп барады. Атыс-шабыстан денсаулық сақтау саласы ірі дағдарысқа ұшырады. Гуманитарлық ұйымдар биыл халықаралық көмек көлемі 40 пайызға азайғанын айтады. 

Шон Хьюз, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілі: 

- 2 жылға жалғасқан соғыс салдарынан Судан халқының шамамен жартысы тойып тамақ ішпей жүр. Елдің батысындағы Дарфур өңірін аштық жайлады. Бізге жағдайды өзгерту үшін қаржылай көмекті арттыру керек.