Тайландқа туристер су атысу үшін арнайы барады

Әлем аралаудың бір қызығы - түрлі фестивальге қатысу.

Сол арқылы жергілікті халықтың мәдениетімен танысуға, мерекелік көңіл-күйді сезініп, жарқын естеліктер жинап қайтуға болады.  Туризмнің осы бағыты арқылы әлем елдері миллиондаған турист тартып, мол қаржыға кенеліп отыр. Жалпы мәдени туризмнің жаһандық нарықтағы үлесі биыл 1,2 трлн долларға жетеді деген болжам бар. Сөйтіп туризмнің бұл түрі несімен тартымды? Туризмнің бұл бағыты қарқынды дамып келеді. Көрсеткіш 2035 жылға қарай 2,6 трлн долларға жетеді деген дерек бар.

Тайландқа туристер су атысу үшін арнайы барады

Әр елдің мәдениетіне таңсық дүние қашан да қызық. Мәселен қазақта «суды босқа төкпе» деген тыйым бар. Дәл осы сөз қытайлықтар мен тай жұрты үшін керісінше мәнге ие. «Су шайқасы» аталып кеткен Сонгкран фестивалін білмейтін жұрт кемде-кем. 2023 жылы ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени мұралар тізіміне енген бұл фестивальді жергілікті жұрт былай тұрсын, әлемнің түкпір-түкіпіріндегі туристер де асыға күтеді. Cонгкран - тай халқының жаңа жылы. Тайландтың ұлттық мерекесі есебінде аталатын ауқымды фестивальге миллиондаған адам қатысады. Бұл күні жергілікті халық та, туристер де жаппай көшеге шығып, бір-бірінің үстіне су шашып ойнайды. Бұл үрдіс ежелгі барлық сәтсіздіктерді өткен жылда қалдырып, жаңа жылға тазарған күйде кіру рәсімінен қалған.

Смилтон Роа, аргентиналық турист:

- Дәл осы атмосфераны сезіну үшін Буэнос-Айрестен арнайы келдім. Ғажап нағыз адренали дерсіз. Адамдардың бәрі шат-шадыман, алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. 

Испаниядағы қызанақ шайқасына қызығатындар көп  

Бұған ұқсас Үндістанның Холлиі, Испанияның Томатинасы бар. «Тамақпен ойнағаны несі?» деп жағаңызды ұстауыңыз мүмкін. Десе де қызанақ атысып, қызыққа кенелгісі келетіндер көп-ақ. «Ля Томатина» фестивалі жыл сайын Испанияның Буньол қаласында өтеді. Көшелерге 100 тоннадан астам қызынақ тасталып, оны жиылған жұрт бір-біріне лақтырады. Тіпті бұл фестивальге 2013 жылдан бері арнайы билет сатылып келеді. Қалашық халқы 10 мыңға жуықтайды. Бірақ іс-шараға қатысу үшін былтыр 22 мың адам барған. Осылайша фестиваль өңірде туризмнің дамуына да өз септігін тигізіп жатыр. 

Тарихын туризмге айналдырған ел көп

Қазір өз тарихы мен ерекше тұлғасын таныған елдер оны сақтау, дәріптеу арқылы сыртқы туризмін дамытып келеді. Париждің қақ төріндегі Луврдің жауһарына айналған Мона Лиза картинасын көруге жыл сайын 8 млн адам барады. Осы секілді толып жатқан мысал көп. Саяхаттауға деген құштарлық, дүниенің кереметін көруге, ерекше дәмін татуға құмарлықтың астында жақсы жарнама жасырынып жатқандай. Кино саласы, музыка, кітап... Кітап демекші, тарихта еш болмаған, қиялдан туған кейіпкер Хәрри Поттердің де бар жаһанның жанарын жаулап алуы расымен таңғаларлық жайт. Мәдени туризм саласы өсіп келеді. Себебі саяхатшылар тарихи көрнекті орындардан бастап алуан түрлі фестивальдерге дейін әсерлі шараларды іздейді. Бұл қызығушылық жаһандық байланыстардың дамуына, мәдени өзара түсіністіктің артуына және әртүрлі бағыттардағы мұраларды сақтауға ықпал етеді.  

Мәдени туризмді цифрландырудың маңызы

Туризм - экономиканы ілгерлететін саланың бірі. Қазір көптеген ел сыртқы және ішкі туризмнің дамуына айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ заманауи технологияларды қолдану арқылы туристерді тартатын елдер баршылық. Әлемнің танымал музейлері өз коллекцияларын цифрландырып, ғаламторға толық сипаттамаларымен бірге жариялаған. Тіпті үйде отырып та, виртуалды тамашалауға мүмкіндік көп. Ақылы, тегін түрлері де бар. Технологияның мәдени туризмді дамытуда маңызы артып келеді. Виртуалды турлар, AR және цифрлық баяндау саяхатшыларға мәдени мұралармен, артық қаражат шығындамай-ақ, танысуына жақсы мүмкіндік береді. Бұл мәдени туризмді жаһандық аудитория үшін қолжетімді етеді.

Шытырманға толы – шартарап

Туризмнің саласы көп. Бір ел тұмса табиғатымен тартады, тарихи орындарымен таңқалдырады. Ал енді бірі адам айтса нанғысыз аңыздарын айтып, айды аспанға бір шығарады. Әйтпесе жұрт, Үндістандағы адам шошырлық Ганг өзенін көрмекке асықпас еді. Бәрін айт та, бірін айт.. Ал кей зерттеулер «музей аралап, түрлі өнер туындыларын тамашалау мидың жұмыс істеу қабілетін арттырып, күйзелісті азайтады», - дейді.