Еуроодақ Палестинаға 1,6 млрд еуро бөледі
Еуроодақ Палестинаға 1,6 млрд еуро бөледі. Тиісті шешім Люксембургте өткен жиында қабылданды.
Қомақты қаржының 620 млн еуросы Палестина экономикасын қолдауға және реформалар жүргізуге бағыттылмақ. Ал 576 млн еуросы Газа секторын қалпына келтіруге жұмсалуы тиіс. Тағы 400 млн еуро несие ретінде беріледі. Десе де Еуроодақтың ел билігіне қояр талабы бар. Палестина шағын бизнес жүргізуді жеңілдетіп, инфрақұрылымды дамытуы қажет.
Кая Каллас, Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі:
- Палестинаға қолдау көрсетуге бағытталған жаңа жобаны бастаймыз. Келер 2 жылда Еуроодақ 1,6 миллиард еуро көлемінде қаржы бөледі. Оның басым бөлігі инфрақұрылымға инвестиция салуға, гуманитарлық көмек көрсетуге және босқындарды қолдауға жұмсалады.