Қытайда әр төртінші адам мопед мінеді
Қазір халық діттеген жеріне қалаған көлігімен жетеді. Мысалы мопед, самокат, электрлі велосипедтер көбейді. Алайда бұл көлік түрлері қауіпсіз емес? Оны өзімізде байқап жүрміз. Енді бұл көлік түрлерін өзге елдер қалай қадағалайды екен?
Әлем бойынша мопедті ең көп қолданатын мемлекет – Қытай. Халқының төрттен бірі екі дөңгелекті көлік тізгіндейді. Статистика бойынша бұл елде 400 млн-ға жуық мопед бар. Яғни әр төртінші адам мопед мінеді. Бұл көлік түрі миллиондаған тұрғыны бар Қытай қалаларында кептеліссіз қозғалуға, жүріп-тұруға, жедел жетуге ыңғайлы. Дегенмен мопедпен жолда жүру ережелері қатаң. Алдымен жеке және жүргізуші куәлігі болуға тиіс. Екіншіден, мопед қожайыны міндеттелген сақтандырудан өтеді. Сондай-ақ көлікті сатып алғандығы жөнінде бірыңғай шот, көліктің төлқұжаты, мемлекеттік нөмірі болуы керек. Одан кейін жүргізуші де оған мінгескен жолаушы да соққыдан қорғайтын арнайы бас киім киюге міндетті. Себебі кейінгі жылдары елде мопедтер өртеніп жатыр. Мұның себебі көлікті ғимарат ішінде қуаттаудан болған. Сонымен қатар мопед мінгендердің жол-көлік апатына ұшырау жайттары көбейген.
Еуропада электросамокаттарға мемлекеттік тіркеу номері беріледі
Ел мопедтен бөлек, электрлі самокаттарға құмар. Сұраныстың артуына қарай, бұл көлік түріне қатысты ережежелерді біраз ел қатаңдатты. Мәселен Германияда электросамокат жүргізуге 14 жастан бастап қана рұқсат. Арнайы веложолақтармен жүріп, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіруге болмайды. Бұл ереже сақталмаған жағдайда 30 еуроға дейін айыппұл төлейді. Бұл теңгемен 17 мыңдай. Сондай-ақ самокатпен жолаушыны тасымалдауға, екі адам болып мінгесуге тыйым салынған. Бұдан бөлек, әр электросамокаттың мемлекеттік тіркеу нөмірі болады. Ол сертификатталған болуы керек, ал көлік сақтандырылған болуға тиіс. Ең жоғары жылдамдық – сағатына 25 шақырым.
Ұлыбританияда да талаптар осыған ұқсас. Тек жылдамдық жағынан айырмашылықтар бар. Бұл елде рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық — 48 км/сағ. Жол жүру кезінде ұялы телефон қолдану - құқық бұзушылық ретінде саналады. Ал Францияда, нақтырақ айтқанда Парижде электросамокатты жалға алуға мүлде тыйым салынған. Заң күшіне енгеніне бір жыл болды. Өйткені былтыр осы қозғалыс құралдарының кесірінен 40-қа жуық адам көз жұмған. Арасында жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де бар. Тұрғындардан шағым көбейгесін, референдум өтіп, дауыс бергендердің 90 пайызы электрлі самокат керек емес деген шешімге келген. Париж Еуропа бойынша тиісті талап күшіне енген алғашқы шаһарға айналды. Бұған дейін елде 15 мың самокат жалға берілген. Енді олардың барлығы Францияның өзге қалаларына және көрші елдерге жіберіледі. Ал қозғалыс құралын өздері сатып алған азаматтар бұрынғыша қатынай береді. Тек жүргізушінің жасы 12-ден асуы тиіс. Сонымен қатар шекті жылдамдық сағатына 25 шақырымнан аспауы керек.
Ресейде курьерлерге тротуарда жүруге тыйым салынады
Ресейде осы көктемде электрлі велосипед тізгіндеген курьерлердің жаяу жүргіншілер жолымен қатынауына тыйым салынбақ. Олардың қозғалыс күші 250 Вт болғандықтан мопедтермен теңестіріледі. Енді жолда жүру үшін арнайы құжаты болуы керек. Ел билігінің мұндай шешім қабылдауына тапсырыс жеткізушілерінің көбеюі түрткі болды. Соның әсерінен жолда кептеліс көбейіп, келеңсіз оқиғалар жиі болады. Ресми ақпар бойынша былтыр электро велосипедтердің қатысуымен 920 жол оқиғасы болған. 25 адам көз жұмып, 926-сы жараланған. Жол апатының 42,9 пайызына жеткізуші компаниялардың курьерлері себепші болған.