ДДСҰ әлем елдерінің мамонт шешегі пандемиясына дайындығын тексерді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа пандемия бола қалса, әлем елдерінің оған дайындығын тексеру үшін оқу-жаттығу өткізді, деп хабарлайды 24kz.
Оның барысында мамонт шешегі атты вирус ойдан шығарылған. Бұл дерттің белгілері 2023-2024 жылдары өршіген маймыл шешегіне ұқсас болған. Швейцариядағы 2 күндік тәжірибеге қатысқан 15 мемлекеттің өкілдері сол вируспен күрес шараларын пысықтаған. Олар індеттің таралуын тоқтатудың өз жоспарларын ұсыну керек болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамонттар шешегін таңдауы бекер емес. Өйткені мыңдаған жыл бойы мұздың астында сақталған патогендер әлі де белсенді болуы ықтимал. Жаһандық жылыну сол микроағзалардың таралу қаупін күшейтуі әбден мүмкін.