Әлем елдеріндегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – XXI ғасырдың дерті саналады.
БҰҰ мәліметінше әлемде әрбір үшінші әйел кемі бір рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады. Жуан жұдырықтылардан жәбір көрген жәудір көздерге әлем елдері қалай көмек көрсетеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң көбіне дамыған елдерде тиімді жұмыс істейді. Еуропа елдерінде әйелдердің әлсіздігін пайдаланып, күш көрсеткен немесе өлтіргендер бас бостандығынан айырылады. Мәселен осындай қатаң жаза Францияда бар. Мұнда нәзік жандарға қол көтергендер 7 жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Сондай-ақ жанұясына жұдырық ала жөнелетін ер азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Ал Германияда тұрмыста зорлық көргені үшін сотқа жүгінген әйелдер ерлерін үйде тұрғызбауға құқылы. Бұл бұрымдыларды тентіретпей, үйлерінде қалуы үшін жасалады.
Сильвиа Ценцен, «Әйелдер зорлық-зомбылыққа қарсы» ұйымының өкілі:
- Бұл жағдай қазір ашық айтылатын деңгейге жетті. Әйелдер өзінің жалғыз емес екенін сезініп, дағдарыс орталықтарына кеңес сұрап келе бастады. Бұл – қоғамды алаңдататын мәселе. Мұндай құқықбұзушылықтарды азайту үшін үгіт-насихат жұмыстары мектептен басталуы керек.
Ұлыбританияда «Ұлттық көмек желісі» бар. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ тұрмыста зәбір көргендер үшін арнайы орталықтар ашылған. Бұдан бөлек, жуан жұдырықтылардан жәбір көргендер жалға үй алса, ақшасын мемлекет төлеп береді. Ал Швецияда әйелдердің дербестігі туралы заң қабылданған. Оған сай, нәзікжандарға қол көтеру былай тұрсын, психологиялық қысым көрсеткендер де жауапқа тартылады.
Сабиха Хусич, Medica Zenica атты әйелдер құқығын қорғайтын ұйымның басшысы:
- Егер біз тең құқықты қоғам құрғымыз келсе, онда әйелдер билікке араласуы тиіс. Шешім қабылдау мүмкіндігі бар лауазымдарға тағайындалуы керек.
«Әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтқаратын бірегей шешім жоқ. Десе де әр жағдайға көз жұма қарамай, көмек көрсету - алға қарай жасалған бір қадам екені анық. Сондықтан әр адам өз құқығын, бас бостандығы мен еркіндігін қорғау үшін батыл қадам жасауы тиіс», - дейді сарапшы мамандар.