Қымбатшылық америкалықтардың өмір сүру дағдысын өзгертті

АҚШ-та азық-түлік бағасының өсуі америкалықтардың өмір сүру әдетін өзгертетін сыңайлы. Құрама Штаттарда жарияланған Пердью зерттеу университетінің нәтижесі осыған саяды. Оған қарағанда америкалықтардың жартысына жуығы үнемшілдікке көшпек. Тіпті өз үйлерінің ауласына бақша дақылдарын егуге ниетті.

  Әдетте супермаркеттің арбасын асықпай сүйреп, таудай қылып азық-түлік алатын америкалықтар соңғы уақытта дағдысын өзгерткен сыңайлы. Мұны АҚШ-тағы Пердью университеті жүргізген зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр. Баяндамаға сай соңғы 2-3 айда Америкадағы әрбір 5-ші отбасы азық-түлік сатып алуға қиналатын көрінеді. Ал 27%-ның тіпті ақшасы жетпей, қарыз алуға мәжбүр екен.  

Джо Балагтас, Пердью университеті азық-түлікке сұраныс пен тұрақтылықты талдау орталығының директоры:

- Көп отбасы шығынды азайту үшін түрлі айла-тәсілге көшкен. Мысалы, халықтың 30%-ы тиімді ұсыныс пен жеңілдіктерді іздесе, 26%-ы азық-түліктің бұрынғыдай қымбатын емес, ең арзанын сатып алғанды жөн көреді.

Дүкен сөрелеріндегі бағаның шарықтауына Дональд Трамптың импорттық баж салығын көтеруі себеп. Осының салдарынан АҚШ-қа сырттан келетін өнімнің құны еселеп қымбаттаған. Тиісінше, бұл қарапайым халықтың қалтасына салмақ салып отыр. 

Сауалнама:

- Дональд Трамп билікке келгелі бүкіл жүйені төңкеріп, астан-кестеңін шығарды. Мұның аяғы неге апарады екен?

- Көп көкөністің түрі Мексикадан келеді. Сондай-ақ цитрустық жемістерді де импорттаймыз. Жоғары баж салықтарының енгізілуі халықтың шығынын көбейтетіні анық.

- Қазір Америкадағы өмір бұрынғыдай емес. Қымбатшылық жайлап барады. Енді экономикалық өсім баяуласа, жағдай тіпті қиындайды. 

Сауалнама нәтижесіне қарасақ, қазір АҚШ-та халық тамаққа көп ақша жұмсайды. Сондықтан күн жылынып, жер қарайса, америкалықтардың жартысына жуығы бау-бақша дақылдарын өз ауласында өсіруге даяр. «Сөйтіп, тиынымызды үнемдемесек, басқа амалымыз жоқ», – дейді.

Джо Балагтас, Пердью университеті азық-түлікке сұраныс пен тұрақтылықты талдау орталығының директоры:

- Елдің солтүстік аймағында тұратындар күн жылына бастағанда бау-бақша дақылдарын егуге кіріспек. Сауалнамаға қатысқандардың 44%-ы осылай деп жауап берді. Олардың 82%-ы жеміс-жидек мен көкөніс өсіруді қолға алмақ. 

Ал сарапшылар Дональд Трамптың тарифке қатысты текетіресінен қауіптенеді. «Бұл сауда тартысы қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Сондықтан алда баға қалай өзгеретінін дөп басып айта алмаймыз», – дейді.

Авторы: Зайнұр Байжігіт