Аргентина 10 жылдағы ең үлкен дағдарысқа тап болды

Әлемдік экономика шатқаяқтап тұр. Латын Америкасынан Оңтүстік Азияға дейінгі елдердің Үкіметі дес бермей бара жатқан инфляциямен күресіп әлек.

Ал Аргентина мен Мысыр терең  дағдарысқа тап болды. Аргентина кейінгі 10 жылдағы ең үлкен экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Жылдық инфляция - 70 пайыз. 47 млн халықтың 60 пайызға жуығы кедейлік қамытын киіп  жүр. Тұрғындардың сатып алу қабілеті төмендеген. Керісінше сатушылардан қажет емес тауарды тегін беруді сұрайды. Сарапшылар бұған президент Хавьер Милейдің ақша-несие саясатын қатаң жүргізуі себеп дейді. Ол жәрдемақылар және энергия көздері мен көлікте жүруге арналған көмекқаржыны қысқартты. Аргентина Үкіметі шетелдік ұйымдардан 32 млрд доллар қарыз алған. Берешектің көбі Халықаралық валюта қорына тиесілі. Осы қаржының көмегімен билік Орталық банкті қайта құрылымдап, инфляция деңгейін тежеуді және валюта бақылауын алып тастауды жоспарлап отыр.   

Мысырда валюта дағдарысы тереңдеп барады

Мысыр 2016 жылдан бері терең валюта дағдарысынан шыға алмай келеді. Жергілікті фунт кейінгі 2 жылда 3 есе құнсызданды. Басты себеп - сыртқы қарыздың өсуі және импортқа, оның ішінде шетелдік азық-түлікке тәуелділік. Жылдық инфляция 14 пайызға жетіп қалды. Бұл көрсеткіш өткен айда ғана 5 пайыз болатын. Экономиканың тұралауына Қызыл теңіздегі кемелерге йемендік хуситтердің шабуылдауы соққы болып тиді. Осының салдарынан Мысыр сыртқы кірістің 70 пайызын жоғалтқан. Дағдарысқа төтеп беру үшін араб елінің билігі Халықаралық валюта қорынан 8 млрд доллар несие алу шартына қол қойды. Бұл Мысырдағы тауарлар мен қызмет көрсету құнын арттырып отыр.   

Германия экономикасының өсімі төмендеді

Германия экономикасының өсімі төмендеді. Бұған АҚШ президенті салған салық себеп. Еуропалық экономикалық зерттеулер индексінің неміс экономикасына қатысты көрсеткіші 65,6 тармаққа құлдырады. Сарапшылар ГФР америкалық тарифтер салдарынан алдағы 4 жылда 200 миллиард еуро кірісінен айырылу қаупі бар деп болжайды. Яғни Германияның көлік өндірісі, металлургия, химия және  дәрі-дәрмек өнеркәсібі зардап шекпек. АҚШ салған салық салдарынан экспорт көлемі қысқарып, компаниялардың табысы төмендеп, мұның соңы ондаған мың жұмыс орнын қысқартуға әкеледі деген жорамал бар. Осылайша неміс елінің биылғы жалпы ішкі өнімі 0,3 пайызға төмендеуі мүмкін.