АҚШ-Иран келіссөздерінің ІІ раунды аяқталды. LIVE
Италия астанасында АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің екінші раунды аяқталды. Оған Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бастаған делегациялар қатысты. Вашингтон Тегеранның ядролық қарудан, уран байыту жобаларынан түбегейлі бас тартуын талап етті. Әйтпесе әскери және инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасалатынын айтты. Бұған Иран тарапы келіспейді, десе де мәселені дипломатиялық жолмен шешуді көздеп отыр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарлама бойынша келіссөз жалғасады. Алдағы аптада тараптар жаңа келісімнің техникалық негіздемесін әзірлеуге кіріседі. Ресми Вашингтон мен Тегеран диалогтың нәтижелі екенін алға тартып отыр.
Бұл келіссөздер нәтижесін тек Иран ғана емес, тұтас Таяу Шығыстағы мемлекеттер асыға күтті деуге болады. Себебі кездесулерде көтеріліп жүрген ядролық бағдарлама мәселесінің Шығанақтағы араб мемлекеттеріне тікелей әсері бар. Күн тәртібінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейбітшілікті сақтау және қақтығыс ошағын ұлғайтпау сынды маңызды бағыттар тұр. Бұл жөнінде келіссөзге қатысқан Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи былай деп пікір білдірді.
Аббас Аракчи, Иранның сыртқы істер министрі:
- Келіссөздер мазмұнды деңгейде өтті. Алға жылжу бар. Десе де әлі нәтижеге жетуге ерте. Кездесуде айтылған әңгіме әзірге тек сол бөлмелердің ішінде қалсын. Алдағы уақытта бәрі айқын бола түседі. Келесі апта техникалық сарапшылар арасында кездесу өтіп, мәмілеге келу жағы айқындалады.
Келіссөздің екінші кезеңі Еуропа төрінде өткенімен, арадағы сенімді диалогтың қазығы тап осы Шығанақ жерінде қағылды. Оман билігі 1 апта бұрын өз астанасына арақатынасы бұзылған тараптарды шақырып, бетпе-бет болмаса да, бір алаңға жинаған еді.
Ол кезде Иран ұстанымдарын толықтай жеткізді. Ресми Тегеран Дональд Трамптың мәлімдемесінен кейін ядролық бағдарламасынан мүлде бас тартпайтынын және оны бейбіт мақсатта энергетикалық инфрақұрылым үшін қолдана беретінін аңғартты. Бастысы өзіне қарсы қолданылып келген санкцияларды жеңілдетуді және қатаң саясатты өзгертуді талап етті. Бір айта кетерлігі, бірінші және екінші раунд барысында келіссөз жүргізетін жауапты тұлғалар бір-бірімен бетпе-бет жүздеспеді. Олар бір ғимарат ішінде отырғанымен екі бөлек бөлмеге жайғасты. Арадағы ұстаным һәм ұсыныстар Оман сыртқы істер министрі арқылы келіссөзге қатысушы тараптарға ұсынылды.
Жалпы Иран АҚШ-тың өзіне қарсы неліктен шүйлігіп отырғанын жақсы түсінеді. Сол себепті ядролық бағдарлама бойынша келіссөзге МАГАТЭ ұйымының басшысын да шақырып отыр. Тегеранда арнайы сапармен болған Рафаэль Гроссимен Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи кездесіп, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан көтерілген мәселелерді талқылады. Жаһандық бірлестік бұған дейін Иранда уран байыту көрсеткіші ядролық қару жасау шегіне жеткендігін айтып, дабыл қаққан еді. Соған байланысты Ислам республикасы тиісті әрекеттерге кірісетінін айтты. Жаңа мәміле жасаудың алғышартын жасады.
Нәтижесінде келер апта соңында өтетін үшінші раунд кездесуіне дейін ядролық бағдарлама бойынша түйткілдерді талқылайтын сарапшыларын жасақталатын болды. Айта кетейік, кезекті кездесу тағы сол Оман жерінде өтеді. Сол кезде жаңа ядролық бағдарлама келісімінің нобайы белгілі болады.
Римдегі келісім АҚШ-тың сыртқы саясатына да, Ақ үйдегі жаңа әкімшілікке де сынақ болып отырғандай. Қазіргі ұстанымдары мен талап тілектері қандай?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Украина мен Ресей бейбіт келісімге әлі келмеді, израильдік азаматтардың біразы босап шыққанмен, Газадағы соғыс та түбегейлі тоқтамады. Байден әкімшілігінен мұраға қалған сыртқы саясаттағы дағдарыстарға Трамп та әлі нүкте қойған жоқ.
Бұл оның екінші президенттік мандатындағы алғашқы 100 күнін ұмытылмастай етем деуіндегі абыройына да нұқсан келтіріп отыр. Десе де алдыңғы жағдайларға қарағанда бұл келіссөздерде АҚШ ара ағайын емес, келісуші һәм талап етуші тарап болып отыр. 60 күнге ультиматум жариялап, екі ай ішінде Иран ядролық қаруға қатысты барлық жұмыстарынан бас тартпаса, әскери қадамға баратынын ескертті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Мен Иранның гүлденіп, дамығанын қалаймын. Ирандықтардың қандай мықты халық екенін білемін. Олардың әлеуеті зор және олардың жапа шегіп, қаза болғанын қаламаймын. Бірақ Иран ядролық қарудан түгел бас тартуы тиіс. Бұл қарапайым шешім емес пе?! Біз олардың индустриясын не жерін тартып алғалы жатқанымыз жоқ. Талабымыз біреу: Иранда ядролық қару болмауы керек. Обаманың кезінде жасалған келісімнің уақыты баяғыда өткен, өзекті емес. Ол келісім өте нашар болды. Иранға ядролық қару жасауға жол ашып берді. Сол себепті мен одан бас тартып, шығып кеттім.
Осы орайда Барак Обаманың кезіндегі келісім мен Дональд Трамптың қазіргі талаптарын салыстырып, Иранға түскен салмақтың ауырлығын байқауға
Осыдан он жыл бұрынғы келісімде Иранға аз мөлшерде уран байытуға рұқсат етілсе, Қазір Трамп әкімшілігі оны мүлде тоқтатуды талап етіп отыр. Сондай-ақ Вашингтон Тегерандағы барлық байытылған уран қоры мен центрифугаларды жойып, ғылыми зерттеу жұмыстарына тыйым салғысы келеді. Тіпті барлық, соның ішінде әскери нысандарға толық есік ашып беруді талап етіп отыр. Бұл кез келген уақытта тексеріс жүргізу үшін қажет деседі. Бұдан бөлек, бейбіт мақсатта да уран байытуға рұқсат болмай тұр. Иран ең болмағанда дәл сол энергетика мен медициналық мақсатта уран байытып, оны қолдану құқығын сақтап қалғысы келеді.
Әзірге АҚШ билігі келіссөздерге сақ, бірақ оптимистік көзқарас ұстанып отыр. Алдағы сәрсенбіде сарапшылар бас қосып, апта аяғында кездесудің үшін раунды өтеді деп хабарланды.