Ватиканға көңіл айту жеделхаттары жолданып жатыр
Рим папасы Францисктің қазасынан кейін әлем елдері көңіл айту жеделхаттарын жолдап жатыр. Париждегі Нотр-Дам-де-Пари шіркеуінде Понтификтің жасына сай 88 рет қоңырау соғылып, дұға оқылды. Париж мэрі бүгін кешке Эйфель мұнарасындағы жарық жүйесі қосылмайтынын айтып, қаладағы бір орынға Францисктің есімін беруді ұсынды. Енді понтифик қайда жерленеді? Оның қазасынан кейін Рим-Католик шіркеуінің жаңа дінбасы қашан сайланады?
Кеше Рим папасы Пасхаға орай Ватикандағы Әулие Петр алаңына жиналған жұрттың алдына шығып, дәстүрлі діни жоралғы жасаған еді. Бұл оның көпшіліктің ортасына соңғы рет шығуы болды. Понтифик үндеуінде Газа секторындағы қарулы қақтығысқа тоқталып, палестиналықтардың гуманитарлық жағдайына алаңдап, атыс-шабысты тоқтатуға шақырған. Франциск жалпы соғыстан зардап шеккен адамдар мен босқындарды қорғауға көп көңіл бөлді. 2015 жылғы көші-қон дағдарысы кезінде босқындар отбасын қабылдап, өзгерлерді осылай істеуге шақырған еді.
2022 жылдың күзінде Рим папасы Франциск Қазақстанға келген. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайда жеке өзі күтіп алды. Понтифик Әлемдік және дәстүрлі діндердің 7-ші съезіне қатысып, месса өткізді. Оны тыңдау үшін ЭКСПО кешені аумағына мыңдаған адам жиналды. Арасында тіпті сол үшін өзге мемлекеттерден арнайы келгендер де болды.
Понтификтің қазасына байланысты қазір әлемнің түкпір-түкпірінен Ватиканға көңіл айту жеделхаттары жолданып жатыр. Италия Премьер-министрі Джорджия Мелони оның ұлы адам болғанын айтты. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен марқұмның Католик шіркеуінен тыс жерде миллиондаған адамды шабыттандырғанын мәлімдеді. Франция Президенті Эмманюэль Макрон да Францисктің өмір бойы ең әлсіздердің қорғап келгенін еске алды.
Рим папасының қазасынан кейін Новендиал деп аталатын қаралы кезең басталады. Ол 9 күнге жалғасады. Дәстүр бойынша Рим-Католик шіркеуінің басшысын Әулие Петр шіркеуінің астына жерлейді. Бірақ Франциск көзі тірісінде Римдегі Санта-Мария-Маджоре базиликасын таңдап кеткен еді. Понтифик мұнда шетелдік сапарлардан кейін дұға ететін. Енді келесі Рим Папасын кардиналдар алқасы таңдауы тиіс. Қазір әлемде 250-ге жуық кардинал бар. Көбін Францисктің өзі тағайындаған. Енді олар 2-3 аптадан кейін дауыс беру жүргізу керек. Бұл іс-шара бірнеше күннен бірнеше жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Ал Папаның жаңа кандидатурасы бекітілгенін жұрт Сикстин шіркеуінің мұржасынан қара емес, ақ түтін шыққанда ғана біледі.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалыкова