Газа секторына гуманитарлық көмек кірмегелі 51 күн болды

Газа секторына гуманитарлық көмек кірмегелі 51 күн болды.

Бұл туралы БҰҰ баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик мәлімдеді. Оның айтуынша, Израиль 2-ші наурыздан бері аймаққа азық-түлік, жанармай, дәрі-дәрмек, вакцина және басқа да тұрмысқа аса қажетті тауарлардың бірде-бірін өткізбей отыр. Сондай-ақ еврей әскерінің соңғы әуе шабуылынан үйінділер астынан адамдарды құтқару үшін қолданылған бірнеше ауыр техника талқандалған. Халықаралық ұйым өкілдері азық-түлік қоры жақын күндері таусылуы мүмкін деп алаңдаулы. Сондықтан Израильді гуманитарлық көмек жеткізуді реттеуге шақырды.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ баспасөз хатшысы:

- Газада қазір 180-дей қоғамдық асхана жұмыс істеп тұр. Алайда азық-түліктің жетіспеушілігінен көбі жабылуы мүмкін. Отын тапшылығынан адамдар тамақ дайындау үшін пластик жағып күнелтіп жүр. Газаның солтүстігі мен Рафах қаласында газ қоймалары бар. Бірақ олар Израильдің тыйым салған аймақтарында орналасқандықтан жете алмай отырмыз.