Ыстамбұлда 6,2 балдық жер сілкінісі болды. LIVE

Ыстамбұлда бірнеше сағат бұрын магнитудасы 6,2 балдық жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасы хабарлады. Жалпы осындай ірі зілзалаларға дайындық бар ма және бүгінгі жер сілкінісі алдағы жойқын апаттың хабаршысы болуы мүмкін бе?

Меруерт Қанағат, тілші: 

- Түркияда жер сілкінісі десе, елдің үрейі ұшатыны анық. Себебі халық мұндай апаттың зардабын бұрын да қатты тартқан. Бүгін түскі сағат 12:49-да Ыстамбұл қаласында магнитудасы 6,2 балды құрайтын жер сілкінісі тіркелді. Артынша күші 3,9 бен 5,9 балл аралығындағы алты афтершок болды. Түркияның Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар басқармасының мәліметінше, зілзала ошағы Мәрмәр теңізінің орталық бөлігінде орналасқан. Қазіргі уақытта адам шығыны немесе қираған ғимараттар туралы нақты мәлімет жоқ. Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарға байланыс құралдарын тиімді пайдалануға кеңес беріп отыр. Сонымен қатар барынша сақ болуды ескертіп жатыр. Қазір Ыстамбұл тұрғындарының басым бөлігі ашық алаңдар мен саябақтарға жиналып, қауіпсіз жерлерде болуға тырысып отыр.

Нури Аслан, Ыстамбұл қаласының уақытша мэрі:

- Зілзаладан Ыстамбұлда жарақат алған немесе қаза тапқан азаматтар туралы ақпарат жоқ. Бұл бізді қатты қуантты. Қазірге дейін ғимараттардың қирауы тіркелмеді. Жедел әрекет механизмдері іске қосылды.

Ыстамбұлда күшті жер сілкінісі болу ықтималдығы туралы мамандар соңғы бірнеше жыл бойы ескертіп келеді. Қала астынан өтетін Солтүстік Анатолий жарығы белсенді аймақ болып есептеледі. Түркияның белгілі сейсмологы Наджи Гүрердің айтуынша, Ыстамбұлда 7 балдан жоғары жер сілкінісінің болу ықтималдығы 80% құрайды. Сарапшы: «Ыстамбұлда жер сілкінісі орын алса, оның салдары Кахраманмараштағыдан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін», – деп дабыл қаққан болатын. 

Қазіргі таңда Түркия билігі Ыстамбұлды мүмкін болатын ірі жер сілкінісіне дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Шаһарда 5 миллион 800 мыңдай ғимарат бар, соның ішінде 1,5 миллионы қауіп төндіретін, ал 600 мыңы аса қауіпті санатқа жатады. Сейсмологтардың болжамынша, жойқын жер сілкінісі орын алса, 90 мың үй бірден құлап, шамамен 260 мың ғимарат жарамсыз күйге түсуі мүмкін. Бұл жағдайда шамамен 4,5 миллион адам уақытша баспанаға мұқтаж болады. Ал бүгінгі жер сілкінісінің болашақ жойқын зілзаланың хабаршысы ма, жоқ па — бұл сұраққа нақты жауапты тек мамандар келесі сағаттарда бере алады.