Ыстанбұлда бір сағат ішінде 8 рет жер сілкінді

Ыстамбұлда бір сағат ішінде 8 жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды 24KZ. Оның ең күштісі – 6,2 балл. Эпицентрі Мәрмәр теңізінің орталығында болған дүмпу, көршілес аймақтарда да сезілді. Қазір қала тұрғындары ашық алаңдарда жүр.

Ыстамбұлда алғашқы дүмпу жергілікті уақытпен сағат 12:49-да болды. Оның қуаты 6,2 балға жетті. Зілзала ошағы Мәрмәр теңізінің орталық бөлігінде, 6,92 шақырым тереңдікте тіркелді. Сілкініс шамамен 15 секундқа созылып, Ыстамбұлмен қатар көршілес аймақтарда да сезілді. Бір сағат ішінде тағы жеті рет жер сілкінісі болды. Афтершоктардың бірі 5,9 балға жетті. Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындармен тек хабарлама арқылы байланысып, ғимараттардан алыстау жерлерде жүруге кеңес берді.

Жанымхан Жаналтай, диаспора өкілі:

- Ыстамбұлда зілзала кезінде үйде болдық. Қатты сезілді. Бір минуттай жалғасты. Бүгін Түркияда мектептер демалыста болғандықтан, әрбір отбасы бала-шағасымене үйде отырған еді. Зілзаладан қатты қорыққандықтан, бала- шағымызды ұстап, далаға жүгірдік бәріміз. Қазір былай қараған кезде тынышталды. Бірақ әлі жалғасып отыр. Артынан келген кішкентай афтершоктар. Халықтың бәрі далада жүр қазір. Үйге ешкім кіріп жатқан жоқ. Бүкіл мынандай кафелердің бәріне халық толып кетті. Енді білмеймін, көреміз. Үкіметтерден хабар күтіп отырмыз. Үйге кірмеңдер деп айтып отыр. Алла сақтады бәрімізді.

Лейла Учар, Ыстамбұл тұрғыны:

- 20-шы қабатта оқушыммен спортпен айналысып жатқан едім. Жер қатты сілкінді. Тіпті не болып жатқанын түсінбей қалдық. Бізді айналдырып жібергендей болды. Қатты қорықтық.

Мухаммед, Ыстамбұл тұрғыны:

- Зілзала кезінде жұмыс орнында болғанбыз. Бір сәтте қабырғалар қозғалып, терезелер сықырлай бастады. Жер астынан гуілдеген бір дыбыс естілді. Бұл кәдімгідей дүмпу екенін сонда ғана түсіндік. Дереу сыртқа жүгіріп шықтық. Бұрын-соңды мұндай сезімді бастан өткерген емеспін. Қазір бәріміз ашық алаңдамыз.

Сілкініс салдарынан қаза тапқандар тіркелген жоқ. Алайда дүрбелең кезінде жоғары қабаттан секіріп, жарақат алғандар бар. 

«Қала аумағындағы тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарында қирау деректері тіркелмеген. Тек Фатих ауданында ескі, бос тұрған бір ғимарат қирады. Оқиға орнында ешкім болмаған, зардап шеккендер жоқ. Қазір барлық жауапты қызметтер жергілікті жерде жұмыс жүргізіп жатыр» — Ыстамбұл қаласының әкімдігі.

Сарапшылар бірнеше жылдан бері Ыстамбұлда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ескертіп келеді. Қала астынан өтетін Солтүстік Анатолий жарығы белсенді аймақ саналады. Бүгінгі сілкініс сол қауіптің ескертпесі ме, жоқ па – бұл туралы нақты жауап алдағы күндері белгілі болады.

Айта кетерлігі, жергілікті әкімшіліктің мәліметінше, қаланың инфрақұрылымына кез келген зиян тимеген.

Авторы: Меруерт Қанағат