Түркия ғарышқа алғашқы байланыс жерсерігін ұшырды
Түркия алғашқы байланыс жерсерігін ұшырып, орбитаға шығарды. «Түрксат 6A» жобасы – түрік мамандарының жиырма жылдық ғылыми-зерттеуі мен инженерлік еңбегінің жемісі.
Бауырлас ел осы жетістігі арқылы жерсерігі технологиясын толық меңгерген мемлекеттер қатарына енді.
Түркия отандық «Türksat 6A» аппараты арқылы ғаламдық байланыс нарығында жаңа белеске шықты. Ел президенті Режеп Тайип Ердоғанның айтуынша, бұл - елдің ғылыми және өндірістік әлеуетінің арта түскендігінің белгісі. Енді Анкара жер серіктерін өз базасында жасап, дербес ғарыштық платформа құруды қолға алмақ.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Бұл табыс біздің жерсерігін жасау мен оны ұлттық деңгейде брендке айналдыру бойынша бағдарламамызды жаңа деңгейге көтерді. Халықаралық сахнада беделімізді нығайта түсті. Еліміздің байланыс,технология және тағы басқа салаларда мүмкіндіктері артты.
Жаңа аппараттың қызмет ету мерзімі 15 жылдан асады. Оның арқасында Түркияның байланыс көрсету қызметінің қамту аймағы 3,5 млрд-тан 5 млрд адамға дейін ұлғаяды. Бұл инфрақұрылым сапасын жақсартып, телекоммуникация әлеуетін еселей түспек.
Абдулқадір Уралоғлу, Түркия көлік және инфрақұрылым министрі:
- Türksat 6A - отандық технология жетістігінің нақты мысалы. Оның 80 пайыздан астам бөлігі өз елімізде жасап шығарылды. Бұл көрсеткіш ұлттық ғарыш саласының әлеуетін айқындайды.
Салмағы 4 тонна 229 келі болатын жерсерігі геостационарлық орбитада, яғни 36 мыңдай шақырым биіктікте жұмыс істейтін болады. Түркияның өзінен бөлек Үндістан, Малайзия, Таиланд және Индонезия елдеріне байланыс қызметін көрсете алады.