Қытайда IV жаһандық медиа-инновациялық форум өтті
Қытайдың Шаньдун аймағында медиа саладағы жаһандық инновациялар форумы өтті.
Іс-шараға дүниежүзі елдерінен үздік деген БАҚ өкілдері мен сарапшылар қатысты. Халықаралық жиынға Қазақстан Республикасы Президент телерадиокешені мен «Хабар» агенттігі арнайы шақыртылды. Соңғы кездері БАҚ арқылы бопсалау, қысым көрсету, ақпаратты бұрмалау деректері көбейген. Форум дәл осы мәселе барлық елде өткір тұрғанын анық көрсетті. Халықаралық жиынға осындай сын-қатердің алдын алуға мүдделі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келген. Сессия кезінде заманауи технология әсерінен жаһандық медиа-экожүйенің түрленуі ерекше талқыға түсті. Бұл бағыттағы Қазақстанның ұстанымын көпшілік мұқият тыңдады.
Раушан Қажыбаева, ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры:
- Біз қолданатын заманауи технологиялар қирату емес, жасампаздық ісіне қызмет етеді. Біз қытайлық әріптестеріміздің Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға деген ұмтылысын қолдаймыз. Біздер екі ел арасында қамал тұрғызбай керісінше арамызда жалғайтын көпір іспеттіміз.
Әлемдік форматтағы іс-шара осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған Еуропа мен Азиядан, Оңтүстік Америка мен Африка құрлықтарынан 200-ге жуық делегация келді. Біріккен ұлттар ұйымынан, «Еуроньюс», CNBC интернешнал, Рейтерс, «Асcошиэйтед пресс» сияқты өзге де танымал медиа компаниялар қатысты. China Media Group корпорациясының арнайы шақыртумен келгендердің қатарында біздің Хабар агенттігі де бар. Медиа саланың мамандары өзара пікір алмасып, ой бөлісті. Ұйымдастырушы тарап бейбітшілік, өзара түсіністік пен мәдени-гуманитарлық байланысты арттыру үшін әлемдік медиа қауымдастықты күш біріктіруге шақырды.
Шэнь Хайсюн, Қытай Медиакорпорациясының Президенті:
- Технология адамзаттың игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Қытай медиа корпорациясы бұл бағытта диалог жүргізуді тоқтатпайды. Бұл жұмыстар «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында жалғаса береді. Осы форум мәдениеттерді өзара байыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған алаң болады деп үміттенемін.
Форум барысында Қазақстан мен Қытайдың медиа саладағы әріптестігі үлгі ретінде көрсетілді. Мәдени байланысты халықтардың өзара түсіністігі мен ынтымақтастығы арқылы дамытудың маңыздылығы туралы айтылды. Президент телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мемлекет басшысының қазақ-қытай қарым-қатынасы туралы пікірін жеткізді.
Енді қазақ-қытай медиа саласындағы қарым-қатынас нығая түседі. Форум шеңберінде оны дамытуға бағытталған бірқатар біріккен жоба жасау туралы келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктері мен медиа кеңістікте тиімді пайдалану жайы талқыланды. Заманауи технологиялық көрме өткізіліп, Қытайдың тарихи-мәдени құндылықтары мен мұралары таныстырылды. Айта кету керек, биылғы форум 6 мың жылдық тарихы бар Цюйфу қаласында өтті. Бұл көне шаһарда Қытайдың атақты ойшылы Конфуций дүниеге келген.