Газа секторындағы су жабдықтау жүйесінің 70% жарамсыз
Газа секторындағы су жабдықтау жүйесінің 70 пайызы жарамсыз.
Бұл туралы ЮНИСЕФ мәлімдеді. Ұйым өкілдерінің айтуына қарағанда, аймақта құбырлар арқылы су жеткізу қиын.
Гуманитарлық ұйымдар қазір тіршілік нәрін жүк көлігімен тасып жүр. Бірақ тұщы суды тазартатын қондырғылар мен жүк көліктеріне отын жеткіліксіз. Қазір Газада орташа есеппен кісі басына су 3-5 литрден келеді. Бұл адам өміріне қажетті 15 литрден әлдеқайда аз.
Джонатан Криккс, ЮНИСЕФ өкілі:
- Кейінгі 66 күнде Газа секторына ешқандай гуманитарлық көмек келген жоқ. Бұл отынның жоқтығын білдіреді. Тіпті суды тазарту үшін қолданылатын генераторлар да жоқ. Сондай-ақ осы тұщы су қондырғыларын іске қосу үшін қажетті химикаттар жетіспейді.
Ауруханадағы науқастардың жағдайы нашарлады
Гуманитарлық көмектің тоқтауы ауруханадағы науқастардың жағдайын одан сайын нашарлатып жіберді. Олардың дені уақытылы тамақтанбаған соң, әлсіреп, денсаулығы сыр берген. Израиль 2 наурыздан бері гуманитарлық көмек кіргізуге шектеу қойғаны белгілі. Адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар Израильдің бұл әрекетін әскери қылмыс деп отыр. Қазір аймақта азық-түлік қоры таусылып жатыр. Гуманитарлық ұйымдар да тамақк таратуды тоқтатты. Нан пісіретін орындар да жабық тұр.