Украина - Ресей келіссөзіне дайындық. LIVE
Бүгін Ыстамбұлда Украина мен Ресей делегациялары кездеседі деп күтіліп отыр.
Екі ел арасындағы қақтығысты тоқтатып, бейбітшілік орнату бойынша тарихи келіссөздер басталмақ. Делегация құрамы анық, талаптар нақты. Қазір бізбен осы келіссөз алаңынан әріптесім Меруерт Қанағат тікелей ба"йланысқа шығып тұр.
- Келіссөзге дайындық қалай болып жатыр?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Ыстамбұлдағы Долмабахче сарайында Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі басталады. Тарихи маңызы зор бұл ғимаратқа бүгін төрткүл дүние назар аударып отыр. Қос тараптың делегация мүшелері міне бірінен соң бірі сарайға өтіп, жиын өтетін арнайы бөлмелерге бағыттап барады. Қазір сарай маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілген — полиция мен арнайы қызмет өкілдері аумақты толық бақылауда ұстап отыр. Келіссөздерге отандық және шетелдік журналистер үлкен қызығушылық танытуда. Біз де әріптестерімізбен бірге сарай алдындағы алаңда күтіп тұрмыз. Алайда жиын жабық форматта өтіп жатқандықтан делегация мүшелері тарапынан ресми мәлімдеме әзірге жасалған жоқ. Келіссөздердің нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Бірақ дипломатиялық дереккөздер бұл кездесудің бейбіт келісімге бастайтын маңызды кезең болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сарапшылар атысты тоқтату, гуманитарлық дәліздер ашу және тұтқындар алмасу сияқты мәселелердің көтерілетінін айтуда. Естеріңізге сала кетейін, бұған дейін мұндай келіссөздер Беларусь аумағында және онлайн форматта өткен болатын. Сондай-ақ, Анталияда қос елдің сыртқы істер министрлері алғаш рет бетпе-бет жүздесті. Ал осыдан 3 жыл бұрын дәл осы Долмабахче сарайында келіссөздер өткен еді. Түркия бұл жолы да бейтарап делдал ретінде маңызды рөл атқарып отыр. Бұл кездесу екі тарапқа да тең дипломатиялық алаң ұсынуға бағытталған. Бұған дейін астық дәлізі келісімінде де Түркия шешуші роль ойнаған болатын.