Украина делегациясы Ыстамбұлға аттанды

Ресей мен Украина делегацияларының келіссөздері әлі басталмады, деп хабарлайды 24kz.

Нақты нешеде өтетіні әзірге белгісіз. Соңғы мәлімет бойынша Украина өкілдері Ыстамбұлға Ресей тарапымен келіссөздер жүргізуге аттанды. Делегацияны қорғаныс министрі Рустем Умеров бастап бара жатыр. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесуден кейін баспасөз мәслихатын өткізген Владимир Зеленский мәлімдеді. Айтуынша, Украина делегациясы 16 мамырға дейін Ыстамбұлда қалады. Оның қатысушылары Ресейден бөлек, АҚШ өкілдерімен де кездесуге ниетті. Зеленский сондай-ақ өз жоспарларымен де бөлісті.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Түркия Президентімен ертең таңертең кездесіп, Албания астанасы Тиранадағы Еуропалық саяси қауымдастық саммитіне қатысамыз. Бұл басқосу туралы алдын ала келісіп қойғанбыз. Онда 40-тан аса әлем басшысы болады. Жоспарымыз осындай. Ресей тарабының келіссөздерге немқұрайлы қарайтынын түсіндік. Делегация құрамында нақты шешім қабылдайтын ешкім жоқ. Бірақ тікелей келіссөздерді дәл Ресей жағы ұсынғанын естеріңізге сала кетейін. Соған қарамастан, Дональд Трамп пен Режеп Тайып Ердоғанға құрмет ретінде, сондай-ақ бітімге бірінші қадам жасай отырып, Ыстамбұлға делегациямызды жіберу шешімін қабылдадым. Бірақ бәрін емес. Келіссөздерге Украинаның қауіпсіздік қызметі мен бас штабының басшылары қатыспайды. Делегацияны Қорғаныс министрі бастап барады.

Бұған дейін Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей делегациясы таңнан бері Украина тарапын Ыстамбұлда күтіп отырғанын мәлімдеген. Соңғы ақпарат бойынша Ресей делегациясы келіссөздерге қатысу үшін Долмабахче сарайына аттанған.