Euronews: Ыстанбұлдағы Ресей-Украина келіссөзі бүгін өтуге тиіс

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс бойынша Ыстанбұлдағы келіссөз бүгін өтуге тиіс. Бұл туралы Euronews телеарнасы хабарлады.

Президент Владимир Зеленский Түркияға Қорғаныс министрі Рүстем Умеров бастаған делегацияны жібергенін мәлімдеген. Зеленский мәмілегерлерді Дональд Трамп пен Режеп Тайип Ердоғанды құрметтегендіктен аттандырғанын айтты. Сондай-ақ Украина басшысы: «Келіссөзге барудың маған еш қажеті жоқ, өйткені Владимир Путин келмей қалды», – деді. Ал Ресей делегациясын президент кеңесшісі Владимир Мединский бастап барды. Келіссөздерге АҚШ делегациясы қатыспайды. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мұны: «Ресей Түркияға төмен деңгейдегі өкілдерін жіберген», – деп түсіндірді. Парсы шығанағындағы араб елдерінде сапарда жүрген Ақ үй басшысы Дональд Трамп: «Мен және Путин қатыспай, бұл келіссөздерден еш нәтиже болмайды», – деген ұстанымын білдірді.