Ресей - Украина келіссөздері аяқталды

Ресей мен Украина тұтқын алмасады.

Екі тараптан 2 мың адам босатылуы тиіс. Бұл бүгін Ыстамбұлда Ресей мен Украина делегацияларының арасында өткен келіссөздерден кейін белгілі болды.  Басқосуда Украина жағы екі ел басшылары арасында тікелей келіссөздер өткізуді сұраған. Бұл туралы кездесу қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізген Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский мәлімдеді.

- Келіссөз қалай өтті, қандай нәтиже бар?

Меруерт Қанағат, тілші: 

- Осыдан шамамен жарты сағат бұрын Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер ресми түрде аяқталды. Үш жылдан кейін алғаш рет бетпе-бет өткен бұл кездесулерге Түркияның арағайындық миссиясы негіз болды. Алдымен Түркия, АҚШ және Украина делегациялары арасында үшжақты жиын өтті. Ол шамамен бір сағатқа созылды. Артынша Түркия, Ресей және Украина өкілдері қатысқан негізгі келіссөздер басталды. Бұл кездесу екі сағаттан астам уақытқа созылды. Осыдан небәрі 15 минут бұрын делегациялар Долмабахче сарайынан шықты. Алайда келіссөздердің келесі кезеңіне қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. AFP агенттігінің хабарлауынша, диалог жалғасуы мүмкін, бірақ әзірге нақты күн белгіленбеген. Келіссөздер жабық режимде өтті. Ал қазір тараптар жеке-жеке баспасөз жиынын өткізуі мүмкін деген ақпарат тарады. Белгілісі — Украина тарапы ең алдымен атысты тоқтату мәселесін көтерген. Украин делегациясының өкілі Рустем Умеровтың айтуынша, Ыстамбұлдағы кездесуде тұтқын алмасу бойынша 1000-ға 1000 формуласы бойынша келісімге келінген. Бұл ақпаратты Ресей делегациясын бастап келген Владимир Мединский де растады.

-  Демек, алдағы сағаттарда жаңа өзгерістер болуы мүмкін. Сарапшылар не дейді?

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

– Сарапшылардың пікірінше, Ыстамбұлдағы келіссөздер — ұзаққа созылған қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге жасалған маңызды қадам. Тараптар алғаш рет өз талаптарын ашық айтып, диалог алаңына бет бұрды. Алайда бірден нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес, бұл – бірнеше кезеңге жалғасатын күрделі үдеріс. Соған қарамастан, мұндай кездесудің өтуі – үміт пен бейбітшілікке бастар жол деп бағаланып отыр.

Жошкун Башбұғ, отставкадағы полковник:

- Бұл ұзаққа созылған әрі  шешімін таппай келген қақтығысты тоқтатуға жасалған кезекті талпыныс. Түркия бұрын да осындай бастамалар көтерген, алайда бейбітшілікке кедергі болған күштер жол бермеді. Қазіргі келіссөздердің өзі — маңызды қадам, бірақ бірден нәтиже күтуге болмайды. Тараптар өз талаптары мен шегініс жасауға дайын тұстарын айқындап, елдеріне оралады, ал нақты шешімге келу — уақытты талап ететін күрделі процесс. Бастысы, диалог басталды, енді оны тоқтатпай жалғастыру маңызды. 

Меруерт Қанағат, тілші:

– Қазірше біз жағдайды жіті бақылап отырмыз. Егер тараптар ресми мәлімдеме жасаса, келесі сағаттарда қосымша ақпаратпен бөлісеміз.