Америкаға баратын турист саны азайып барады
Америкаға саяхаттағысы келетіндер қатары сиреп барады, деп хабарлайды 24kz.
Билікке Дональд Трамп келгелі туризм саласында тоқырау байқалады. Ақ үй басшысы бірқатар елге баж салығын енгізгеннен кейін сауда байланысы өзгерді. Бұл өз кезегінде туризмге кері әсерін тигізді.
Америка Құрама Штаттары әлемдегі туристер ең көп баратын үш елдің қатарында. Негізгі көрікті жерлер – Сан-Франциско, Нью-Йорк және Чикаго сынды қалалар, Йосемити сияқты ұлттық саябақтары ондаған жылдар бойы шетелдік туристерді тартып келеді. Елдің жаһандық іскерлік орталық ретіндегі рөлін есепке алғанда, 2023 жылы елге 66,5 миллион адам барған. Ал биыл Tourism Economics компаниясының болжамына сәйкес, шетелдік туристер саны 5,5%-ке қысқарады. Тарифтік және сауда байланыстарының шиеленесуі халықаралық туризмнің дамуын тежеуі мүмкін.
Дональд Трамп канадалық тауарларға 25%-тік тариф енгізетінін жариялағаннан кейін кейбір бекеттерде Канада азаматтарының шекарадан өтуі өткен жылмен салыстырғанда 45%-ке дейін азайған. Ал Америкаға баратын туристердің басым бөлігі осы канадалықтар. Air Canada компаниясы АҚШ-тағы кейбір демалыс бағыттарына, соның ішінде Лас-Вегасқа наурыз айынан бастап рейстерді қысқартатынын хабарлады. Өйткені сұраныс азайған.
2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін футболдан ерлер арасындағы әлем чемпионатын жанкүйерлер мен спортшылар толық тамашалай алмауы ықтимал деген алаңдаушылық артып келеді. Бұған виза мен шекарадан кіру талаптарының күшеюі себеп болатын сыңайлы. Бразилия, Түркия және Колумбия сияқты елдердің азаматтары виза алу үшін 700 күнге дейін күтуі мүмкін. Халықаралық Олимпиада комитеті де 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысты алаңдаушылығын білдірді, дегенмен, АҚШ-тың ресми өкілдері ешқандай кедергі болмайтынын айтады.
Авторы: Фариза Жанғанаева