Ватиканда Рим папасының таққа отыру рәсімі басталады
Бірер минутта Ватиканда Жаңа Рим Папасының интронизациясы, яғни таққа отырғызу рәсімі өтеді.
Бұл рим-католик шіркеуіндегі ең маңызды діни рәсімдердің бірі саналады. Бүгіннен бастап 267-понтифик ресми түрде қызметіне кіріседі. Католиктер әлемі үшін үлкен мәнге ие тарихи сәт туралы тілшіміз Зайнұр Байжігіт әңгімелейді.
Жаңа Рим Папасы Лео 14-шіні таққа отырғызу рәсімі Әулие Петр алаңында өтеді. Төрткүл дүние тағатсыздана күткен тарихи сәттің куәсі болу үшін жұртшылық таңмен таласып, бүгін Ватиканға ағылды. Салтанатты рәсімге қатысамын деушілердің қарасы қалың.
Даниэлла Мора:
- Мен жаңа Папа Рим Папасын көру үшін келдім. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Мен жуырда католик дінін қабылдадым. Осы маңызды сәтті көру менің сенімімнің бір бөлігін көрсетеді.
267-понтифик әуелі апостол Петрдің қабіріне барып, тағзым етеді. Осыдан кейін Әулие Петр шіркеу алаңында ұлықтау рәсімі басталады. Дәстүрге сай, рим-католик шіркеуінің жаңа басшысына биліктің нышаны саналатын — алтын «жүзікпен» кестеленіп, қой жүнінен тігілген "палий" лентасы тапсырылады. Діни қызметкерлер Жаңа Рим Папасына адал қызмет етуге ант бергеннен кейін, 267-ші понтифик Әулие Петр шіркеуінде жиылған жұртқа үндеу жасайды. Сарапшылардың пікірінше, әлем жұртшылығы жаңа Рим Папасына үлкен ұміт артып отыр.
Кейт Макэлви, әйелдерді тағайындау жөніндегі конференцияның атқарушы директоры:
«Жаңа Рим Папасы әйелдер теңдігіне қатысты мәселеге баса назар аударуы тиіс. Өйткені әйелдерді кемсіту – бұл күнә. Біз жаңа Рим папасы мұны тез арада шешуі керек деп айтуға келдік».
Рейтер агенттігі таратқан ақпар бойынша, Ватикандағы ұлықтау рәсіміне 250 мыңнан аса адам жиналды. Кешелі бері әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден аса ресми делегация келген. Олардың қатарында Украина президенті Владимир Зеленский, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Канада премьер-министрі, Германия канцлері, Еурокомиссия басшысы және Еуропа монархтары бар.
Сарапшылар бүгін католик шіркеуінің жаңа дәуірі басталды деп отыр. Яғни Рим Папасы Лев XIV нің таққа отыруы тек діни рәсім ғана емес, бүкіл әлем назарын аудартқан тарихи оқиға болмақ.
Зайнұр Байжігіт