Жыл сайын жануарлар мен өсімдіктердің 10 000 түрі жойылады

ХХІ ғасырда климаттың өзгеруі деген ғаламдық қауіп пайда болды. Иә, өнеркәсіп дамып, технология түрленген сайын табиғаттың аясы тарылып, биологиялық әлем дағдарысқа ұшырады. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын  жер бетінде жан-жануар мен өсімдік атаулының 10 000-нан астам түрі жойылады. Жалпы мұның қоршаған ортаға, адамзатқа келтірер залалы қандай?

Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен халықаралық биологиялық әралуандық күні. Әрбір түр – экожүйенің бір бөлшегі. Олардың жойылуы азық-түлік қауіпсіздігіне, денсаулығына және экономикаға қауіп төндіреді.

Табиғаттың 80%-і зерттелмеген

Жер бетінде 8.7 миллионға жуық тіршілік иесі бар. Бірақ қазір соның тек 1 жарым, 2 миллиондайы ғана ғылыми тұрғыда сипатталған. Қалған 80%-і – әлі зерттелмеген, аттары да белгісіз. Яғни табиғатта біз білмейтін миллиондаған жануар, өсімдік, саңырауқұлақтар мен микробтардың неше түрі бар. Сол организмдердің кейбірі болашақта медицинада, ауыл шаруашылығында немесе технологияда қолданылуы мүмкін. Егер оларды зерттеп үлгермесек, адамзат үлкен мүмкіндіктерден айырылып қалуы мүмкін. Табиғат тегін дәріхана секілді. Мәселен, аспирин ағаштың қабығынан жасалады. Пенициллин – саңырауқұлақтардан табылған алғашқы антибиотик. Ал таксол – қатерлі ісікке қарсы препарат. Қылқан жапырақты ағаш түрінен алынған. Яғни биологиялық әралуандық азайса, келешекте жаңа ауруларға қарсы ем табу қиындай түсуі мүмкін. Қазір қолданылып жүрген дәрі-дәрмектің шамамен 70%-і, табиғи өнімдерден өсімдіктер, микроорганизмдер, жануарлардан алынған.

«Биологиялық әралуандықтың жоғалуы жаңа дәрілік заттарды ашуға кедергі келтіреді. Ол табиғаттан алынған биоактивті қосылыстар  фармацевтика саласында ерекше маңызға ие. Әрі олардың жоғалуы инфекциялық аурулардың таралуына ықпал етеді» — Дэвид Ньюман, фармацевтика саласын зерттеуші.

Биоалуандықтың жойылуынан қауіпті аурулар тарайды  

Қазір қоршаған ортамыздағы тіршілік иелерінің 47 мыңнан астам түріне жойылып кету қауіп төніп тұр. Бұл табиғатты қорғау халықаралық одағының дерегі. Ұйым өкілдері биоалуандықтың жойылуы жануарлардан адамға жұғатын зооноздық аурулардың көбеюіне әкелуі мүмкін деп ескертеді. Кейінгі жылдары пайда болған әр түрлі аурулардың 70% астамы – зооноздық. Арасында құтырма, сібір жарасы, құс тұмауы, эбола вирусы, лайм секілді қауіпті дерт бар. Сондықтан биоалуандықты сақтау тек жануарлар үшін емес, адамзаттың денсаулығы үшін де аса маңызды.

«Биоалуандықтың жоғалуы экожүйенің тепе-теңдігін бұзып, ауру таратушы түрлердің көбеюіне ықпал етеді. Сондай-ақ ормандардың жойылуы да аурулардың таралуына айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан табиғи экожүйелерді қорғау мен қалпына келтіру – түрлі індеттердің алдын алудың тиімді жолы» — Ричард Остфельд, эпидемиолог.

Биоалуандықты сақтау әдістері

Ұлттық саябақтар, қорықтар, биосфералық резерваттар – биоалуандықты сақтаудың негізгі тетігі. Мәселен, Норвегиядағы Свалбард тұқым қоймасы – дүниежүзілік ауыл шаруашылығының генетикалық әртүрлілігін сақтауға арналған ең ірі әрі қауіпсіз нысан. Бұл қойма 2008 жылы жер бетіндегі дақылдардың тұқымдарын ұзақ мерзімге сақтау арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ашылған. 130 метр тереңдіктегі қоймаларда 1,3 миллионнан астам тұқым, дәлірек айтқанда, бидай, күріш, арпа, картоп, бұршақ, соя, жүгері және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының мыңдаған түрі бар. Әлемнің көптеген елдері тұқым үлгілерін осы қоймада сақтайды.