Газада Израиль атқыламаған жер қалмады
Газадағы ахуалға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Түрк алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды 24kz.
Ол қақтығысты дереу тоқтату үшін әлем елдерін күш біріктіруге шақырды. Жоғарғы комиссар дағдарысты шешу үшін атысты тоқтатып, тұтқындағы барлық адамды босату және гуманитарлық көмекті жедел жеткізу керектігін мәлімдеді. Газа секторында Израильдің оғы тимеген бірде-бір аудан қалмады. 2 миллионға жуық тұрғын әр күнін үреймен өткізуге мәжбүр. Кейінгі аптада Газаның орталық бөлігінен тағы 10 мыңға жуық адам босып кеткен.
Фолькер Түрк, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары:
- Газадағы жағдай бақылаудан шығып, біз мүлде күтпеген сценарий өрбіп жатыр. Мұны айтып түсіндіруге сөз таба алмаймын. Ел тұрғындарының көп бөлігі бірнеше апта қатарынан ас-ауқатсыз отыр. Арып-аршыған жас балалар мен дерті асқынып қиналған қарияларды көру жүректі ауыртады. Шектеулерге байланысты біз БҰҰ-ның жоспарын толық іске асыра алмадық, тығырықтан шығудың жолы біреу – ол күш біріктіру.