АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасады

АҚШ Иранды бомбалап, үш бірдей нысанға шабуыл жасады. Бұдан кейін Вашингтон қаласында және бүкіл АҚШ аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Ел астанасында полиция мен арнайы қызмет өкілдері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл шабуылды Ақ үйдегілер Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты қабылданған шара деп мәлімдеді. 

Вашингтонда қазір түн ортасы ауды. Ақ үй жанындағы жарықшамдар өшірілді. Дональд Трамптың мәлімдемесінен кейін ел астанасы Вашингтонда қауіпсіздік айтарлықтай күшейтілді. Ақ үй, Конгресс, Пентагон мен шетелдік елшіліктер маңында полиция мен арнайы жасақтар күзетте тұр. Қорғаныс министрлігі жоғары әскери дайындық режиміне көшті. АҚШ Президентінің айтуынша, бұл операция Иранның ядролық бағдарламадан бас тартпауына жауап ретінде жасалған.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Біздің мақсатымыз – Иранның ядролық байыту мүмкіндігін жойып, ядролық қауіптің алдын алу болды. Бүгін түнде әуе соққылары – әскери тұрғыда керемет жетістікке жетті. Иранның басты ядролық байыту нысандары толығымен жойылды. Иран енді бейбітшілікке келуі керек. Егер олай болмаса, келесі соққылар бұдан да жойқын болады. 

Яғни Иран қарсы жауап берген жағдайда, америкалықтардың келесі шабуылы бұдан да жойқын болады деп отыр. Пентагон таратқан мәліметке сәйкес, Натанз бен Фордоуға бір мезетте соққы берілген. Бұл мақсатта бункерлерді тесіп өтетін GBU-57 атты бұрғылағыш бомбалар пайдаланылған. Бір ғана Фордоу нысанына 12 бомбаның тасталғаны белгілі болып отыр. АҚШ Президенті Таудың астында шамамен 100 метр тереңдікте жатқан нысан енді жоқ деп шабуылдың жемісті болғанын хабарлады.  Иран тарапы соққылардың болғанын растады, бірақ стратегиялық нысандарға үлкен зақым келмеді деп отыр. Алайда халықаралық сарапшылар аймақта жаңа шиеленістің туындау қаупі бар екенін ескертіп, алаңдаушылық танытып жатыр.