АҚШ Сирияға қатысты шектеулерді алып тастады
АҚШ Сирияға қатысты 2004 жылдан бері күшінде болған кей санкцияларды алып тастады, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа жарлық бүгін күшіне енеді. Ақ үйдің ресми сайты осылай деп жазады. Олардың айтуынша, жарлық кей тауарларға қатысты экспорттық бақылауды жеңілдетіп, Сирияға шетелдік көмек көрсетуге қойылған шектеулерді алып тастауды көздейді. Сонымен қатар Сирияның «Терроризмді қолдайтын мемлекет» мәртебесін қайта қарау қарастырылған. Бұл қадам Сирия экономикасын, инфрақұрылым мен қаржы жүйесін қалыпқа келтіруге қолдау көрсетуді көздейді. Ал елдің бұрынғы президенті Башар Асадқа, оның жақтастары мен есірткі саудасымен айналысатын тұлғаларға қатысты санкциялар күшінде қалады.
Айта кетейік, мамыр айында АҚШ санкциялық режимді уақытша жеңілдеткен еді. Ол кезде сириялық әуе компаниялары, банктер, кеме қатынасы мен мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарға қатысты шектеулер жойылды. Кейін бұл бастаманы Жапония мен Еуропалық Одақ қолдады.