Илон Маск партиясын тіркеуге өтініш берді

Әлемнің ең бай адамы Илон Маск АҚШ-тағы билікке араласуға шындап кіріскен сыңайлы.

Федералды сайлау комиссиясына "Америка" деп аталатын партияны тіркеуге өтініш келіп түскен Алайда оны нақты кім тапсырғаны белгісіз. Анығы, кандидат ретінде миллиардердің аты-жөні, ал бас қазынашы ретінде "Тесла" компаниясының қаржы директоры үндістандық Вайбхав Танежа көрсетіліпті. Президент Трамп Масктың компанияларына берілген мемлекеттік субсидияларға қатысты тексеру жүргізу керек дегені сол еді, миллиардер осылай ешкім күтпеген қадам жасады. Ақ үй басшысы: "кәсіпкердің АҚШ-та үшінші партия құру идеясын "еріккеннің ермегіне" теңеді. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Республикалық партияда нақты нәтиже беретін жүйе қалыптасқан. Бізге ілініп-салынып жұмыс істеп жатқан демократтардың өзі жетеді. Егер билікке үшінші партия келсе, АҚШ-та тек аласапыран туғызып тынады.

Президент Трамптың бұлайша алаңдауына негіз бар. Өйткені Маск жастар мен технократтардың қолдауына ие. Ал бұл республикашылдардың саяси ықпалын әлсіретуі мүмкін. Яғни электоратты бөліп, демократтардың күшеюіне әкеледі. Оның үстіне Ақ үй басшысы Маскты саясаттан алшақ, тіпті мемлекеттің ежелден қалыптасқан саяси жүйесін түсінбейтін тұлға деп санайды. Ал Трамптың қайта президент болуына көп көмектескен Илон Маск болатын. Сарапшылар миллиардердің есімі халық арасында көп аталып, ықпалы арта түскені Америка басшысына жақпаған сыңайлы, деп санайды.

Сарапшы: Маск идеясының жүзеге асуы екіталай

АҚШ билігі басында болып жатқан текетіреске қатысты сарапшылардың пікірі сан алуан. Америкалық заңгер Бретт Каппел СиБиЭс Ньюс ((CBS News)) телеарнасында берген сұхбатында " АҚШ-та жаңа саяси партия құру - бай-манаптарға ғана қолжетімді арман", деп мәлімдеді. Десе де, оның айтуынша, миллиардердің бұл идеясы бүгін-ертең жүзеге асуы екіталай. Өйткені, бақандай 50 штатта партияны заңды түрде тіркеу өте күрделі, әрі көпжылдық процесс. Заңдарда екі жетекші партияның мүддесі ғана ескерілген. Яғни Құрама Штаттарында үшінші саяси күштің пайда болуына оңайшылықпен жол берілмейді, дейді заңгер. Сондықтан бұған Масктың жай қиялы деп қарап отыр. 

ЦИТАТА: Бретт Каппел, заңгер

Калифорнияда партияны тіркеу үшін халықтың 0,33 пайызы мүше болуға тиіс. Я болмаса 1,1 млн дауыс берушінің қолын жинау қажет. Бұл тек алғышарты. Ал демократтар мен республикашылдар әрбір қол үшін сотқа беріп, жаңа партияны шыдатпайды. Масктың жаңа партия құруы үшін бірнеше жыл қажет. 2026 жылы аралық сайлау өтеді. Бірақ ол оған үлгермейді.

Инвесторлар Масктың саясатқа кетуін қаламайды

Илон Масктың маңайындағылар миллиардердің саясатқа араласуын қолдайды. Бірақ инвесторлар оның Вашингтондағы саяси элитаға ашық қарсы шығуы, Tesla компаниясының жағдайын қиындатады, деп санайды. Инвесторлардың бұл қаупі жанама түрде расталғандай. Өйткені миллиардер саяси партия құру идеясын жариялағаннан кейін электромобиль шығарумен айналыстаны алпауыттың акциялары бірден 3 пайыз арзандады. Кейінгі үш айда "Тесланың" табысы да едәуір төмендеген. Өйткені, компания көліктеріне деген сұраныс 13 пайызға азайды. 

ЦИТАТА:

Дэн Айвз, Wedbush Securities компаниясының технологиялық зерттеулер жөніндегі басшысы 

Илон Маск Tesla компаниясына басшы ретінде қажет. Ол бірлестіктің негізгі активі. Оның қайта саясатқа араласуы Трамптың көңілінен шықпай, компанияға кері ықпал етуі мүмкін. Жағдай ушықса Tesla-ның директорлар кеңесі іске араласуға мәжбүр болады. Өйткені Масктың бұл қадамы саяси сипатқа ие.  

"Форбс" рейтингісі бойынша, Илон Маск әлемдегі ең ауқатты адамдардың бірі. Қазіргі дәулеті 405 млрд доллардан асады. АҚШ-та үшінші партия құру идеясы қаншалықты шындыққа айналатыны Масктың саяси амбициясына байланысты болмақ, дейді сарапшылар.

Илон Маск саяси партия құрды делік. Сонда ол президенттікке таласа ала ма?

Батыс ақпарат құралдары беттерінде жарияланған мәліметке қарағанда, ол АҚШ-та емес, Африка елінде дүниеге келген. Сондықтан Америкадағы билік басына отыра алмайды, дейді.